Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындарға жеке қабылдау өткізді

Азамат “Журавушка” саяжай бірлестігіне тиесілі бос жатқан 84,3 гектар жерді пайдалануға сұрайды. Жерлесіміз өңір жетекшісіне табиғаты көз тарттар алқапта спорттық-туристік база салғысы келетіндігін жеткізді.

Константин Стихин – “Архстрой” ЖШС директоры:


–  Бұл жер өте керемет. Жағалай жасыл желек. Оған қоса Есіл өзені де ағып жатыр. Нағыз пайдаға жарататын аумақ. Осы жерден жағажай жасаймыз. Мына бөлігінде спорттық-туристік база болмақ. Келушілер қыста шаңғы тебе алады.

Алайда, жерлесіміздің бұйымтайы қолдау таппады. Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің сөзінше, пайдалануға сұрап отырған жер қаладан 30 шақырым жерде орналасқан екен. Сол себепті, болашақта Петропавлдан қашықтықтағы спорттық-туристік базаға демалушылардың бармай қалуы әбден мүмкін. Жиын барысында Константин Стихин облыс басшысына тағы бір жобасын таныстырды. Бұл ұсынысы шаһарды абаттандыруға қатысты болды. Азамат Пестрое көлі маңындағы жағажайды ауыстырып, “Солтүстік жұлдызы” стелласы маңын қайта қалыпқа келтіргісі келеді.

Құмар Ақсақалов – Нұр Отан партиясының СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:


–  Өткен жылы Пестрое көлі маңын қайта қалыпқа келтіру жөнін ойластырғанбыз. Іске ақша бөлінді. Жоспар бойынша демалыс аймағы “Лана” дәмханасына дейін ұзартылады. Сіз таныстырып отырған жер Тепличное селосына қарай орналасқан. Ол аумақты келер жылы қалыпқа келтірмекшіміз. Сонда сіздің жобаңызды назарға алатын боламыз.

Облыс әкімінің жеке қабылдауына келгендердің арасында облыстық Ардагерлер кеңесі жанындағы “Досуг” шахмат клубының төрағасы Серік Ибраев те бар. Жерлесіміз өзі қызмет ететін нысан маңын асфальтауды сұрайды. Бұл аумақ шамамен 200 шаршы метр жер. Зейнеткердің бұйымтайын тыңдаған Құмар Ақсақалов, бұл өтініштің орындалатындығын айтты.

Құмар Ақсақалов – Нұр Отан партиясының СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:


–  Біз биыл қаладағы барлық көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыруды ойлап отырмыз. Бұл іске тұрғындар да білек сыбана кірісу керек. Адамдар үйлерінің, өздері қызмет ететін нысандардың маңын жинастырса нұр үстіне нұр болар еді. Сіздің өтінішіңіз орындалады. Реті келіп жатса биыл ғимарат маңын асфальтап береміз.

Ал, Анатолий Митрофанов бүгінгі жиынға сонау Мәскеуден келіпті. Азамат теріскей жерінде туып өскен. Ол өңір жетекшісіне инвесторлардың ұсынысын жеткізуде. Көрші елдің қалталы азаматтары Қазан қаласында орналасқан жоғары технологиялы медициналық институт есебінен Петропавлда көпсалалы онкологиялық орталық салмақшы. Жоба құны 350 млн еуро.

Анатолий Митрофанов – «Евро-Сибирь» ЖШҚ директорының орынбасары, Мәскеу қаласы, РФ:


–  Бұл заманауи нысанда онкологиялық, ортопе́диялық, хирургиялық және балалар ауруханалары болады. Тағы, орталықта басқа да аурулар емделмек. Ол жерде қызмет ететін дәрігерлерді шетелдік мамандар оқытады. Бұл жандар кейін облыстық денсаулық сақтау саласына сүбелі үлестерін қоспақ. Инвесторлар қаржы құюға дайын. Оларға тек жергілікті биліктің келесімімен жер керек.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша болашақта біздің өңірде көпсаласы орталық салынады. Нысан республикалық бюджет есебінен тұрғызылмақ. Бұл ретте өңір жетекшісі Анатолий Митрофановтың да ұсынысын назарға алуға уәде берді. Соңғы болып облыс әкімінің жеке қабылдауына ауыр атлетикадан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы Эрик Алибаев кірді. Талай дарынды спортшыларды баптаған жерлесіміз аймақ басшысынан үй сұрайды. Ол 7 жылдан бері пәтер жалдап тұруда. Азаматтың базынасын тыңдаған Құмар Ақсақалов мәселені қарастыратындығын жеткізді.

Байболат  Култанов