Мәдениет

Қазақстанның солтүстігінде Сегіз серінің 200 жылдығына орай аламан айтыс өтті

Жүрсін Ерман жиналғандарды Сегіз Сері бабамыздың 200 жылдық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық сайысқа келген 16 ақынның есімін атап шықты. Олардың суырып салма өнерін бағалайтын қазылар елге танымал тұлғалардан жасақталыпты.

Ғалым Жайлыбай – қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан жазушылар одағының басқармасы төрағасының бірінші орынбасары:


– Әрине айтыскер ақындар тақырыпты жақсы меңгерген болуы тиіс. Сегіз сері туралы ауқымды ойлар айта алатын болса, елдік, өрлік, бірлік, тәуелсіздік туралы жақсы ойлар айтса жақсы бағасын алады деген үміттемін. Сегіз сері бабамыз қазақтың біртұтастығын жырлап өткен. Осы тақырып төңірегінде тұшымды ойлар айтылады деген ойдамыз.

Көрермендер ең алдымен сахнада алматылық Қазірет Бердіхан мен шымкенттік Қалижан Білдәштің айтысын тамашалады. Жігіттер негізінен отан, жер, жемқорлық тақырыптырын қозғады.

Бұл сында Қазірет Бердіхан қарсыласынан бір ұпаймен басым түсті. Алматылық жігіт осы өнерге оқушы кезінен құмартқан. 2013 жылдан бастап республикалық додаларға қатысып, Жүрсін ағамыздың көзіне түсіпті. Аламандарда Ринат, Аспанбек, Дидар сынды мықты ақындармен қатарласып шауып, бас жүлдені алған күндері де болыпты.

Қазірет Бердіхан – айтыскер ақын, Алматы қаласы:


– Бұл жерге мен жүлде алу үшін келген жоқпын. Сегіз сері бабамыздың ғибратты өмірі жайлы айтып, халықтың ықыласына бөленсем сол жеткілікті.

Бүгін жиналғандар Сегіз сері бабамыздың ғибратты ғұмырын қазіргінің азаматтарына үлгі ету керек деп есептейді. Тартысқа толы шығармашылық доданы Сегіз серінің 3, 4-ші ұрпақтары да тамашалады.

Амантай Бегенов – Сегіз серінің шөбересі:


– Сегіз сері атамыздың кезінде аты аталмай, еңбектері жарияланбай келді. Тәуелсіздік алғалы бері бәрі өз орнына келе бастады. Бүгін бабамыздың 200 жылдығына арналған айтыстың ұйымдастырылғанына қуаныштымын
.

Қызылжар сахнасында Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Жансая Мусина сынды көпшілікке бұрынан таныс, азуылы ақындар бой көрсетті. Сөйтіп, 8 жұптың тартысы 6 сағатқа созылды. Өңірімізде 15 жыл болмаған аламан айтысты жерлестеріміз тапжылмастан көрді.

– Айтыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ринат Зайытов пен Жансая Мусинаның жұптары сөздерін жеріне жеткізіп айтты.

– Айтыс тамаша өтті. Айтыстың аңызына айналған Жүрсінді көрдік. Айтыстың ақтаңгері Ринат, Айбекті көрдім. Бірақ Аспанбекті көре алмадық. Осы сайыста Әлібек Серғалиев өзін жақсы қырынан көрсетті.

– Арасынан бөлетіні жоқ. Бәрі бірінен бірі өткен. Сөз саптаулары жақсы. Тақырыптан ауытқымады. Әзілдері жарасымды. Айтқан сөздерінің барлығы көңілге қонымды.

Айтысқа қатысқан 6 ақынға М.Жұмабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлделер табысталып, әрбіреуіне 150 мың теңгеден сыйақы үлестірілді. Ал жерлесіміз Мұхаммед Қоңқаев республикалық ақындар айтыстарына жолдама алды.

Үшінші орынға алматылық Қазірет Бердіхан, семейлік Әсем Ережеқызы және
талдықорғандық Болатбек Оразбаев лайық деп танылды. 1 млн теңгені екінші орынға жайғасқан жайықтың Жансаясы мен теріскейлік Жарқын Жұпархан бөлісті. Ал бірінші орыннан көрінген қарағандылық Мақсат Ақановқа 1 млн теңгенің сертификаты табысталды. Бас жүлдеге тігілген “Renault Duster” маркалі көлігі Ринат Зайытовқа бұйырды.

Осы тұста айта кетейін, аламан айтысты ұйымдастыруға солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер демеушілік жасаған.

Берік Қасен