Ерлігімен ерекшеленген Ербол Отарбаев жанқиярлық әрекеті үшін Елбасының Жарлығымен III дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. Бүгінде ол – Ұлттық Ұланның үлгі тұтар офицері. Аталмыш фильм “Хабар” Агенттігі мен “Аю синема” компанияларының бірлескен туындысы. Фильм еліміздің екі ірі шаһарында түсірілген. Оған 2000-ға жуық адам ат салысыпты. Қоюшы режиссері – Серікбол Өтепбергенов. Ал бас кейіпкердің рөлін жас актер Санұржан Сүлейменов сомдап шықты.
Алтынбек Жүсіпов – ҚР ҰлттықҰлан “Орталық” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:
– Қазақстанның ірі қалаларында “Алтыншы бекет” фильмі көрсетіле бастады. Басты мақсаты – Ұлттық ұлан сарбаздарының ерлігін жалпақ жұртқа паш етіп, жастарды әскери борыштарын абыроймен өтеуге шақыру. Жалпы бейнекөрініс 2017 жылдың басынан түсіріле бастады. Ал тұсаукесері ақпанның 20-сында Астана қаласында өтті.
Көркем фильмді тамашалауға облыс және қала басшылығы, соғыс ардагерлері, ҰҰ және ішкі әскер органдары, жауынгерлер мен қоғам өкілдері келді. Жерлестеріміз туындыдан мол әсер алғандарын айтады.
– Еліміздің Ұлттық гвардиясының бір күндік өмірінен сәтті шыққан фильм деп есептеймін. Олардың Отан қорғаудағы жұмыстарының қиын екендігін сезініп шықтық.
– Фильм негізі жақсы түсірілген. Жастар үшін үлкен тәрбие мәнін береді.
– Фильм өмірдегі болған оқиғаға негізделіп түсірілген. Ол сарбаздардың мақтанышы болып есептеледі.
“Алтыншы бекет” фильмі наурыздың 15-нен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында жаппай көрсетіле бастады. Сонымен қатар, туындыны Ресей нарығына шығару да жоспарда бар.
Молдир Макишева