Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі су тасқынына дайындық пысықталды

Қымбат Мерғалимова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры:


–  Жер қабаты 107-ден 150 см-ге дейін қатып қалған. Сондықтан, күн жылығанда еріген қар суы жерге сіңбей, үстінен жүріп өтуі мүмкін. Қазір осы жағдай қауіп тудыруда.

Бүгіндері өңірдің синоптик мамандары ауа райы болжамын нақты 3 күнге ғана жасай алады екен. Осы ретте облыс әкімі ауа райын болжауға арналған құрылғылардың қашан жаңартылатындығын сұрастырып, қажетті құралдарды тез арада алу керектігін ескертті. Өйткені, бұл мәсеге осыған дейін де көтерілген екен.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Ұсынылып отырған ауа райы жайлы ақпарат нақты емес. Ол тиісті іс-шараларды дұрыс жоспарлауға кедергі келтіреді. Ал, жаңа радарлар алынатын болса, күн райын бір аптаға бұрын болжау мүмкіндігі туады. Және құрылғының беретін мәліметі 90 пайыз нақты болмақ. Тағы құрал ауа райын 300 шақырым қашықтықта зерттеуге мүмкіндік береді.


Бүгіндері Сергеев су қоймасындағы тіршілік көзінің деңгейі 92 пайызды құрап отыр. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 14 см-ге төмен. Былтыр мұндағы ернеуінен асқан су көлемі 3 метр 38 см-ді құраған. Мамандардың өздері мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған деп отыр.

49 жыл бұрын салынған нысанның жалпы сыйымдылығы 693 млн текше метрді құрайды. Былтыр аздаған жөндеуден өткен су торабы биылғы тасқынға даяр дейді мамандар. Петропавл су қоймасына келер болсақ, мұндағы су деңгейі бүгіндері 88 пайызды құрайды. Ал, келесі бір су торабы – Шарықтың жағдайы мүшкіл. Апаттық деп танылған нысанның сыйымдылығы 8,3 млн текше метрге жетеді. Оны жөндеу шаралары 2019 жылы басталмақ. Қалыпқа келтіруге республикалық бюджеттен 300 млн теңге қаржы қарастырылады. Осы ретте мамандар көршілес аймақтардағы су қоймаларындағы жағдайды да зерттеп, олардағы су деңгейі жайлы да ақпаратты айтып берді.

Аманжол Қожағұлов – «Қазсушар» РМК СҚОФ директоры:


–  Ақмола облысындағы Астана су қоймасындағы су деңгейі – 68 пайыз, Шағалы су қоймасында – 44, ал Сілетідегі су деңгейі – 56 пайызды құрайды. Бұлардан аққан су бізге жетеді. Сондықтан, олардағы жағдай да тұрақты. Ал, жалпы биыл біздер Сергев су қоймасына 1 млрд текше метр су келеді деп күтіп отырмыз. Өткен жылы 5 млрд текше метр болған.

Десе де, апат айтып келмейді. Сондықтан, төтенше жағдайға сақадай сай отыру керек. Осы ретте жергілікті құтқарушылардың даярлығы сөз болды.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:


–  Облыста су тасқынына дайындық қызу жүруде. Бүгінгі күннің өзінде проблемалы аудандар анықталып, тиісті шаралар атқарылып жатыр. Оқыс оқиға бола қалған жағдайда задап шеккендерге көмек көрсетуге мыңға жуық техника жұмылдырылмақ. 207 мотопомпа, 23 сорғыш құрылғы бар. Жұмыс күші де жеткілікті. 255 құтқарушы, тағы ішкі істер органдарының 362 қызметкері мен Әскери институттың 60 сарбазы көмекуе келмек. Тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға көшіретін машиналар, орналастыратын жерлер сақадай сай. Құрылыс және инертті материалдар қоры да әзірленді.

Осы ретте мотопомпалар жеткілікті ме деген Құмар Ақсақаловтың сұрағына өңірдің бас құтқарушысының айтқан жауабы барлығын таң қалдырған сыңайлы. Рамиль Камалов құралдардың бәрі жұмыс істесе онда жеткілікті деді. Тіпті, қызыл су келгенше тексереміз деп те айтып қалды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Жұмыс істесе дегені қалай сонда? Сіздер оларды қыс бойы тексеру керек едіңіздер. Кез келген сценарийге дайын болу қажет. Барлық құралдардың дайындығын жіті тексеріңдер. Егер жеткіліксіз болса, онда айтыңдар. Қосымша қаражат беріп, құралдарды аламыз. Бірақ, маған мұнда жалған есеп берудің қажеті жоқ. 100 пайыз дайын болу қажет. Өзім тексеретін боламын.

Жиында өңірдің бас құтқарушысы аудандарға апат жайлы ақпаратты жылдам жеткізу керектігін де айтты. Өйткені, былтыр Рузаевка ауылын қызыл су басқанда ол туралы мәлімет құтқарушыларға уақытылы хабарланбапты. Осы кезде ауданның бұрынғы әкімі Владимир Дудов бұл ақпаратты жоққа шығарып, керісінше Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өздері кешігіп келді деп отыр.

Бұдан кейін Владимир Дудов қазір басқарып отырған Тайынша ауданындағы су тасқынына дайындықтың қалай жүріп жатқандығына тоқталды. Мұндағы 7 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұларда қазір тиісті шаралар қолға алынып, жолдардағы су өткізгіш құбырлар тазартылған. Жиында тағы Қызылжар, Шал ақын және Мамлют аудандарының әкімдері бой көрсетті. Алғашқысында 19 елді мекенді су шаю қаупі бар болса, Шал ақын ауданында ондай ауылдардың саны – 5-еу.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

– Облыстық бюджетін – 8, аудандық бюджеттен 1 млн теңге бөлініп, соның арқасында Кіші Тораңғұл көлінің каналын тазарттық. 55 текше метр суды Есіл ауданына жібердік.

Былтыр көктемде қызыл су аудандардан бөлек облыс орталығына да біраз зардабын тигізді. Сондықтан, жиында шаһарда жасалып жатқан шаруа да сөз болды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


–  Бүгіндері инертті матриалдар даяр. Қосымша мотопомпалар алынды. Тағы жабық суағарлардың 23 шақырымы тазартылды. Ашық суағарларда да тиісті жұмыстар атқарылды.

Жиында сөз алғандардың барлығы қауырт маусымға сақадай саймыз деп отыр. Ал, отырысты қорытындылаған аймақ басшысы Құмар Ақсақалов дайындық шараларын күшейтуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Қар тазалау жұмыстары уақытылы жүргізіліп, жолдардағы су өткізгіш құбырларды да ретке келтіріңіздер. Бұл шаруаның атқарылуын аудан және қала әкімдері бақылауға алсын. Техника, эвакуациялау пункттері, жанар-жағармай, инертті материалдардың даярлығын да тексерген абзал. Су қоймаларындағы тіршілік көзінің деңгейін үнемі бақылауда ұстап, ақпаратты тұрғындарға хабарлап отыру керек. Ал, наурыздың 20-нан бастап өңірде төтенше жағдайға жоғарғы дайындық режимі жариялансын.

 

Жалпы айта кетейік, соңғы екі жылда елді мекендерді су тасқынынан қорғау шараларына 4,5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.

Магжан Ахмадина