Қоғам

2017 жылы Есіл ауданының 17 тұрғыны ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан арзан несие алды

Жұмыс болмаған соң мұндағылар негізінен малмен күнелтіп жүр. Қанат Жетпісбаев 2011 жылы жеке кәсіпкерлік ашып, несиеге торпақтар алыпты. Берешегінен құтылғаннан кейін былтыр ауылдағы үйін жалға қойып екінші заем рәсімдеген. Соңғы жылдары сүтке деген сұраныстың артуына байланысты іскер азамат ірі қараның басын көбейтуді жоспарлап жүр.

Қанат Жетпісбаев – жеке кәсіпкер, Есіл ауданы:


– Сүтті бағыттағы сиырларды алдық. Себебі, сүт және сүт өнімдеріне сұраныс жоғары. Бағасы да біртіндеп көтеріліп келе жатыр. Ауылда жұмыс жоқ. Сондықтан, табыс көзі ретінде осы кәсіппен айналысуды жөн санадық. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, баламыз екеуіміз кәсіпті өркендетеміз деген ойымыз бар.

Қанат Жетпісбаевқа “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 1,5 млн теңге берілген екен. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорында рәсімделген несие қаржысына жерлесіміз 6 сиыр сатып алыпты. Соның 4-еуі өткен айда төл беріп, ауыздары аққа жетіпті. Енді Қанат Жетпісбаев сүтті ауыл шаруашлығы кооперативтеріне тапсырып, тезірек қарызынан құтылуға асық.

Қанат Жетпісбаев – жеке кәсіпкер, Есіл ауданы:


– Жылдық 6 пайыз мөлшерелемесімен алдым. 1,5 ай үзіліс берді. Содан кейін қарызды өтей бастаймын. Ыңғайлы. 6 айда бір рет төлеймін. Жылына екі рет. Мемлкеттің осындай қолдауы, әсіресе, ауыл азаматтарына қолайлы.

“Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасына өткен жылы аудан бойынша 10-нан астам адам қатысқан. Заемшылар кәсібін ашып, 24 жаңа жұмыс орнын құрыпты.

Данияр Қозыбаев – Есіл аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Былтыр “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 45,5 млн теңгенің 17 жобасы қаржыландырылды. Заемның көбі мал шаруашылығына бағытталған. Қалғандары несиені көлік жөндеу станциясын және такси қызметін ашуға алды.

Биыл Есіл ауданында “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында жалпы сомасы 70 млн теңгенің 21 жобасы мақұлданған. Осы күні өтініш берушінің 2-еуі арзан несиеге қол жеткізіп, өсімдік және мал шаруашлықтарын дамытуға ден қойып отыр.

Берік Қасен