МТРА жаңалықтары

СҚМУ қытайлық инвестормен меморандум жасасты

Шетелдік инвесторлардың бірегей жобасы іске асса, өлкемізде целлюлоза өндірісі, жарма зауыты мен тағы да басқа жаңашыл кәсіпорындар жұмысын бастайды. Бұл шаруа сәйкесінше, озық қондырғыларда жұмыс істейтін білікті кадрларды даярлауды талап етеді. Әсіресе, агроном, инженер, машинажасаушылар, электроэнергетиктер мен биотехнологтарға сұраныс артпақ. Бұл мамандарды қытайлықтар, жергілікті М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нде оқытпақшы.

Жанг Ксиуминг – “Tielin Logistics Invest Co” компаниясының бас директоры, ҚХР:


– Біздің әріптестіктің нәтижесінде облыстағы университет ұстаздары Қытай компаниясы тұрғызатын өндіріс ошақтарына қызметкерлерді дайындайтын болады. Бұндай мамандар зауыттарымыздың толық қуатта жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Бастысы жергілікті жастарды еңбекпен қамтамасыз етіп, олардың нәпақа табуларына бар жағдай жасаймыз. Қазір біз студенттерді оқытуға кететін шығындарды есептеп, бағамдап жатырмыз.

Өз кезегінде облыстағы жалғыз жоғарғы оқу орны зауыт сұранысын қанағаттандыруға әзір екендіктерін жеткізді. Тек ол үшін университет алдында материалдық-техникалық базаны жаңартып, студенттерге дәріс беретін оқытушылар құрамын іріктеу міндеті тұр. Мамандар әзірлеу жайын жан-жақты пысықтаған қос тарап, екіжақты келіссөзді құжат жүзінде бекітті.

Айдос Мұқатаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры:

– Осы компания біздің СҚО-на кеңінен ивестициялық бағдарламаларымен кіріп отырғандықтан, жұмыс күші керек болады. Осы компанияның қатысуымен білім бағдарламасын өзгерту арқылы біз мамандар даярлайтын боламыз. Бірінші кезекте студенттердің бәсекеге қабілеттілігін артырады. Екіншіден, студенттерді еңбекпен қамтуға да жол ашылмақ.

Болашақта өңірде қытай тілін жетік білетін аудармашыларға да сұраныс жоғарыламақ. Сол себептен инвесторлар ҚХР білім алып жатқан этникалық қазақтарды өлкемізде қызмет етуге шақыруды көздеп отыр.

 

Бахыт Садвокасов