Балалар

«Makerspace» ресурстық орталығы ашылды

«Мейкерспейс» орталығының көздегені де осы, ол – керек затын өз қолымен жасап алатын адамдарды көптеп тарту. Мұндай орталықтар бүгіндері еліміздің 3 қаласында ғана бар. Енді олардың қатарына Петропавл қосылып отыр. Ерекше орынды ашуға АҚШ елшілігі 8 мың доллар көлемінде грант бөлген.

Ләззат Жолаушинова – С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың бас кітапханашысы:


–  Сол гранттың арқасында осында құрал-жабдықтар, құрылғылар алынды. Сөйтіп, өз қолымен заттарды жасаймын деушілерге кітапхана мүмкіндік бермек. «Makerspace» деген өзі бір қозғалыс. Бірнеше жыл бұрын АҚШ пен Ресейде дамыған ол, 2015 жылы Қазақстанға келген.

Әділхан Мылтықбай қазір қиялындағы көлігін жасап жатыр. 9 жасар балғын үйінде де бос отырмайды. Ойыншық конструкторлардан түрлі заттар жасаумен әуестенетін оқушы, келешекте құрастырушы болғысы келеді.

Әділхан Мылтықбай – Озреное орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

 

– Мен қазір машина жасап жатырмын. Міне, моторы. Оны істеп болған соң, доңғалақтарын істеймін.

Орталықта практикалық шаруадан бөлек, теорияны да меңгеруге болады. Бұл үшін арнайы қызметкер оқудан өтіп келген екен. Ол мұнда келгендерге бағдарламау негіздерін үйрететін болады. Нысан аптасына екі күн, сәрсенбі және бейсенбі күндері жұмыс істемек.

Магжан Ахмадина