Спорт

“Құлагер” ХК мерзімінен бұрын жартылай финалға шығу мүмкіндігін пайдалана алмады

Бұл ойынды жеңіспен аяқтағанда 1/2 финалға жолдама теріскейлік хоккейшілердің қалтасында болар еді. Осыны түсінген болса керек алаң иелері есепті бірінші кезеңнің бесінші минутында ашты. Қорғаушыдан айласын асырып, 24 нөмірлі шабуылшы Дмитрий Исмагилов шайбаны қақпаға енгізді.

Екінші кезең басталды. Әзірге 1:0. Алайда, көп кешікпей “Бейбарыс” хоккейшісі Сергей Дорофеев таблодағы есепті теңестірді. Тек ұзаққа емес. Араға жеті минут салып “Құлагер” бомбардирі Илья Ахметов ерекшеленді.

Есеп 2:1, әзірге алаң иелері алда. Бірақ қуаныш көпке созылмады. Екінші период аяғына 12 секунд қалғанда 37 нөмірлі “Бейбарыс” шабуылшысы Евгений Черемилов қақпашы Трифоновтан айласын асырып кетті. Үзіліске құрамалар 2:2 есебімен тарқасты.

Үшінші кезең – тең тартыс. Шабуылдардың санына жету мүмкін болмағанымен, барлығы нәтижесіз. Негізгі уақытта мықтыны анықтай алмаған қос команда қосалқы уақытта тартысқа түсті. 20 минутқа созылған овертаймның аяғына 8 минут қалғанда қырағылығын жоғалтып алған құлагерліктер атыраулық Булат Хамматовтың соққысын қайтара алмады.

3:2 – теріскей хоккейшілері мерзімінен бұрын жартылай финалға шыға алмады. Сериядағы есеп те теңесті. Плей оффты жалғастыратын үздік 4 командаға кім қосылады? Бұл наурыздың 15-і Атырауда өтетін матчта анықталмақ. Жеңіске бір табан жақын тұрып, одан айырылып қалған құлагерліктер бұл сәтсіз ойынды сараптау үшін жиналып, журналистермен тілдесуден бас тартты.

Саят Ермек