Құқық қорғау органдары

Облыс аумағында соңғы 6 күн ішінде 33 жол-көлік апаты тіркелді

Мәселен, наурыздың 6-сынан бастап өңір аумағында 33 бірдей оқыс оқиға орын алыпты. Олардың 23-і облыс орталығында тіркелген. Абырой болғанда қаза тапқан солтүстікқазақстандықтар жоқ.

Баян Байғаскина – СҚО ІІД ЖПҚ бөлімшесінің аға инспекторы:


–  Ең ірі жол-көлік апаты Петропавлда тіркелді. Наурыздың 9-ы күні Жабаев және Интернационал көшелерінің қилысында Нива мен Фольксваген машиналары соғысты.

Сонымен қатар, осы күндері шаһарда машина ұрлығы да тіркелді. Наурыздың 9-нан 10-на қараған түні қала тұрғыны Тимур Өмірзақовтың аулада тұрған көлігін баукеспелер қолды қылыпты. Ол Ресей азаматына тіркелген 2016-жылғы Хёндай Соляристі ақпанның 20-сында сатып алған екен. Көлік иесі меншігінің техпаспорты мен сақтандыру құжатын ғана рәсімдеп үлгеріпті.

Тимур Өмірзақов – қала тұрғыны:


–  Өзім бұл іске машинаны маған сатқан жандар себепкер деп санаймын. Олар мені алдап соғуы мүмкін. Яғни, алаяқтар сенімхат арқылы көлікті мініп жүріп, басқаларға сатады. Кейін, одан ұрлап келесі адамдарға өткізеді. Темір тұлпарда дабыл жүйесі орнатылған болатын. Алайда, ол түнде ешқайдай хабар бермеді.

Тимур машина жоғалған күні-ақ тәртіп сақшыларына өтініш жазыпты. Азамат көлігінің көп ұзамай табылатынына үміттенеді.

Байболат Бектемірұлы