Көктайғақ теріскейліктерді әбігерге салды

Қоғам

14:27 12 Наурыз 2018

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Көктемнің келуіне қалың жұртшылық дән риза. Тек теріскейліктер емес. Бір апта бұрын ауа райы күрт жылынып, Петропавл үлкен мұз айдынына айналды. Енді қала көшелерімен қоса, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың өзінде аяқты нық басып жүру қиынның-қиыны.

Сондықтан, тапқырлық танытқан солтүстікқазақстандықтар діттеген жерлеріне коньки киіп жетуде. Бұндай амалды балалар ғана емес, ересектер де жасайды екен. Әлеуметтік желілердегі мына видеолар соған дәлел. Десе де, көктайғақ әсіресе, егде жастағы адамдар мен оқушылардың сыртқа шығуы үшін үлкен әурешілік тудыруда. Бірақ, оқу мен жұмысқа бармай қалуға жалтыраған мұз себеп емес.

– Өте тайғанақ. Балаларды далаға жіберуге де қорқамыз.


– Жүру қиын. Аяғымды мұз үстінен көтермеймін, сүйретіп жүруге тура келеді. Бір өкініштісі, жасым жетіп қалды. Әйтпесе, конькимен жүруші едім.


– Көктайғақ қатты сезіледі. Әсіресе, тротуарлар жалтырап тұр.

Табиғаттың тылсым мінезінен туындаған бұл жағдай ақ халаттылардың жұмысын едәуір арттырған. Таңның атысы-кеш батысына дейін жарақат зардабын емдеу пунктіне 100-ге жуық адам көмекке жүгінеді. Бұл әдеттегі нормадан екі есеге көп дейді дәрігерлер. Кезектегі тұрғандардың бірі – Екатерина Корнеева. Нәзікжанды үйіне кіре бергенде, тайғанап жарақат алған. Қария аулаларға құмның себілмейтінін айтып, шағымдануда.

Екатерина Корнеева – қала тұрғыны:


–  Үйге кіруіме екі-ақ адым қалып еді. Тайып жығылдым да, асфальт үстіне құлап қалдым. Мұрным мен көзіме зақым келді. Бұған қоса, оң жақтағы қабырғам да ауырып тұр.

Ал 25 жастағы Асылхан Жәкеновтың бұл – көктайғақ кесірінен алған алғашқы жарақаты емес. Осыған дейін азамат екі мәрте оң аяғын сындырыпты. Бірақ, сақтық шараларын тиісті деңгейде ұстанбаған ба, әйтеуір кезекті рет бөлімше дәрігерлерінің қарауына келіп тұр.

Асылхан Жәкенов – қала тұрғыны:


–  Осыдан екі күн бұрын далада құлап түстім. Дәрігерге қаралмай жүргенмін. Жазылып кетеді деп ойладым. Ауырып қоймағасын, қабылдауға келдім.

Қазір 3-ші қалалық ауруханың жарақат зардабын емдеу пункті лық толы. 70 адамға шақталған мекемеде 80 теріскейлік ем-дом шараларын алып жатыр. Жалпы, наурыздың 7-і мен 11-і аралығында мұнда 475 адам көмекке жүгініпті. Олардың 73 пайызы – далада құлап, дене мүшелеріне зақым келтіргендер.

Валерий Грибашов – 3-ші қалалық ауруханың жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі:


– Қабырға, қол, аяқ пен тобықтың сынуы өте жиі кездесуде. Қабылдауға келгендердің көбі – егде жастағы адамдар. Қарияларға «сыртқа шықпаңыздар» деп талай рет айтсақ та, құлақ аспайды. Салдарынан осындай жарақат алуда. Бөлімшемізге ота жасауды талап ететін 14 адам келді. Қазір олардың кейбіріне операция жасалды.

Бұндай оқыс оқиғалардың алдын-алу үшін қала әкімдігі жұмысты күшейткен. Таңертең ерте және кешқұрым жолдарға құм төсеу шаралары жүргізілуде.

Дулат Шәріпов – ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:


–  Құм мен тұз араласқан қоспаны қала көшелеріне себу жұмыстарымен 4 серіктестік айналысуда. Қазір көлік жолдарына құм төсеуге 6, ал тротуарларға 5 бірлік техника жұмылдырылған. Бүгінге дейін 200 текше метр қоспа жұмсалды.

Бұндай шаралар қар еріп, жағдай оңалғанға дейін жалғасады дейді мамандар.

Эльмира Сәдуақасова