ТЖ

СҚО ТЖД бастығы нәзік жандыларды келе жатқан мерекелерімен құттықтады

Құтқарушылардың қатарында адам жанының арашасы ақ халатты абзал жандар да бар. 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің фельдшері Салтанат Айтмағамбетованың осы қызметке келгеніне небәрі 5 ай болыпты. Жауапты мамандықты таңдаған бойжеткен адамдарға қол ұшын беріп, көмекке келуге әрқашан дайын.

Салтанат Айтмағамбетова:

– Фельдшер болу қиын емес. Біз өрт оқиғалары орын алған жерлерге шығамыз. Ауысымға түскен жұмысшыларды тексереміз.

112 жедел құтқару нөміріне қоңыраулар күндіз-түні түсіп жатады. Хабарламалардың барлығын сабырлықпен қабылдап, жедел түрде құтқарушыларға жеткізу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. 20 жыл өмірін осы салаға арнаған Роза Нукишева осыдан 7 жыл бұрын зейнетке шығыпты. Бүгін нәзік жандыға көп жылдар бойы атқарған адал еңбегі үшін грамота табысталды.

Роза Нукишева:

– Отбасымда менен өзге, осы саламен өз өмірлерін әкем, жолдасым және балам байланыстырды. Бұл біздің анұямыз үшін салт-дәстүрге айналды. Істеген жұмысымда әрқашан сақтық мен жылдамдық талап етілетін. Себебі, жеткен хабарламаны құтқарушыларға тез арада жеткізу біздің міндетіміз.

Марапаттау рәсімінен соң, ер адамдар нәзік жандыларға гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыстады. Кейін салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

Барлығы марапатқа осы салада еңбек етіп келе жатқан және зейнетке шыққан 20-ға жуық нәзік жанды ие болды. Жалпы бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінде 738 маман жұмыс істесе, оның 123-і – нәзік жандылар екен.

Молдир Макишева