МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын талқылады

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Біз ескірген үйлерді бұзатын боламыз. Олардың орнына ипотекалық бағдарлама аясында заманауи зәулім ғимараттар тұрғызылады. Баспаналар пәтер кезегінде тұрған жандарға берілмек. Біздің басты мақсатымыз – қаланы көркейту. Халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау.

Тың жобаның тұрғындар үшін шарапаты мол. Бағдарлама аясында мөлшерлемесі 7 пайызбен 25 жылға несие беріледі. Ал, алғашқы жарна үй соммасының 20 процентін ғана құрап отыр. Осы жобаны жүзеге асыру үшін Президент 1 трлн теңге қаражат бөлінетіндігін жеткізді. Қазіргі таңда өңірде ипотекалық несие беру бойынша Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көш басында. Аталған қаржы ұйымына үміт артып, пәтер кілтіне ие болғысы келетін ағайынның қатары күн сайын артып келеді.

Владимир Кожевников – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директорының міндетін атқарушы:


–  жылы өңірдегі банк салымшыларының қатары 10 мыңға артты. Қазіргі күні олардың саны 32 мыңға жетіп отыр. Жерлестеріміздің жинақ мөлшері 14 жарым млрд теңгеден асады. Былтыр өңірдегі 2-ші деңгейлі банктер 9 млрд теңге ипотекалық займ берді. Оның 7,8 млрдын біздің ұйым берді.

Биыл өңірде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы тағы 1600 пәтер қолданысқа берілетіндігін айта кетейік. Елбасы өзінің үндеуінде студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне де жіті тоқталды. Бұл бастама біздің өлкеге тікелей қатысты. Өйткені, теріскейдегі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ шәкірттеріне қоныс орны қажет. Қазіргі күні 1300 жас пәтер жалдап немесе жатаханаларда сыйысып тұрып жатыр екен. Өзекті мәселе биылдан бастап шешімін табатын болды. Үстіміздегі жылы Петропавлда 1000 адамға шақталған 2 нысан салынбақ. Бұл мәселе жөніндегі келіссөздерді бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов ҚР Білім және ғылым министірімен жүргізіпті.

Білім тақырыбынан алыстамайық. Үндеуде 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлінетіндігі қозғалды. Бүгінгі күні облыс орталығындағы университет студенттерінің 30 пайызы мемлекет қаражатынан оқып жатыр.

Серік Өмірбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:


–  2017-ші жылы тегін білім алуға өтініш білдіргендердің 31 пайызы грантқа қабылданды. Бұл көрсеткіш 2015-те небәрі 13 процент болатын. Алда гранттар техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына көптеп бөлінеді. Мұны Елбасы өзінің үндеуінде мәлімдеді.

Осы ретте теріскейлік мектеп түлектерінің құлақтарына алтын сырға. Үстіміздегі жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жаңадан ауыл шаруашылығы және медицина факультеттері ашылмақ. Онда студенттер 22 мамандық бойынша білім алатын болады. Тағы, жиын соңында Құмар Ақсақалов биыл Президенттің 5 әлеуметтік басымдығы негізінде жергілікті кәсіпкерлерге берілетін шағын несиенің көлемі 4 млрд теңгеге жететіндігін айтты. Көмек қаражаттың арқасында 800 отбасы өздерінің жеке бизнестерін бастай алмақ. Тағы, облыс әкімінің сөзінше болашақта тұрғындарды газбен қамту жайы да ойластырылып жатыр. Солтүстікке көгілдір отын Астанаға тартылатын магистраль арқылы жетіп қалуы әбден мүмкін.

Байболат  Култанов