МТРА жаңалықтары

Қала басшылығы әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

Жиналғандарды Халықаралық әйелдер күнімен қала әкімінің атынан орынбасары Евгений Глотов құттықтап, шаһардың тыныс-тіршілігіне білек сыбана араласып жүрген белсенді азаматшалардың қоғамдағы рөліне тоқталды.

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:


– Қазіргі таңда әйел адамдар тек отбасыны ғана ойлап қоймайды, олар мемлекеттің қоғам өміріне және саясатқа да белсенді ат салысады. Нәзікжандылардың еліміздің дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп, ер азаматтарға демеу болып жүрген асыл жандарға үлкен алғысымызды айтамыз.

Кейін қала басшылығы отырыстың сәнін келтіріп, жүздері бал-бұл жанған нәзікжандыларға құшақ-құшақ гүл шоқтары мен алғыс хаттарын табыс етті. Құрмет-қошеметке бөленгендердің қатарында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева да бар. Бұл ұйымның өкілдері көмекке мұқтаж жерлестерімізге ұдайы қол ұшын беріп келеді.

Бақытжан Сәмиева – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:


– Көңілімізді көтеріп, жауын-шашын болып жатса да осылай алғыс айтқандарына өте қуаныштымыз. Біз әйелдер мемлекетімізге адал жұмыс істейміз деп уәде береміз. Қайырымдылықпен көп айналысады азаматшаларымыз. Көпбалалы аналарға, мүгедектерге көмек береміз.

Осы күні Елбасының Жарлығымен шаһардың демографиялық дамуына елеулі үлестерін қосып жүрген қос нәзікжандыға “күміс алқа” төсбелгілері берілді. Оның бірі ендігі кезекте 6 баланы өмірге әкелген Ольга Скучостың кеудесінде жарқырамақ. Бүгінде оның қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп келетін ұл-қыздарының алды студент атанса, балғындары балабақшаға барады.

Ольга Скучос – “Күміс алқа” белгісінің иегері:


– Көпбалалы ата-ана атану – оңай шаруа емес. Үйімізде әсіресе таңертеңгілік уақытта ерекше қарбалас байқалады. Барлығын уақытында оқуға жіберіп, киімдерінің ұқыптылығы тікелей менің мойынымда. Оған тағы сабақ үлгерімін қосыңыз. Шырайлы мейрам алдында сый-сияпаттарын жасап, жүрекжарды тілектерін білдіріп жатқандарына алғыс айтамын.

Барлығы мейрам қарсаңында шаһар басшылығы 16 нәзікжандыны марапаттады.

 

Бахыт Садвокасов