МТРА жаңалықтары

Бүгінде нәзікжандылар қоғамның барлық салаларында еңбек етеді

Саят Ермек – тілші:

– Статистик мамандардың мәліметіне сүйенсек қазір өңірде 558 мыңнан астам адам тұрады. Оның жартысынан көбі, яғни 57 пайызы әйелдер. Теріскейлік нәзікжандылардың орташа өмір ұзақтығы 76 жасқа тең. Осы уақыт ішінде бұрымдыларымыз өмірге сәби әкеліп, ошаққа ие болумен қатар ер азаматтармен қатарласып еңбек етіп үлгереді.

Өйткені әйелдер облысымыздағы экономикалық тұрғыдан белсенді, яғни қызметке қауқарлы халықтың 47,6 пайызын құрайды. Нәзікжандыларымыз көбінесе білім беру, сауда-саттық, қаржы және қызмет көрсету салаларында еңбек етеді.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

Әйелдердің осы салалардағы үлес салмағына тоқталар болсақ, қаржы қызметінде – 56%, саудада 58%, қызмет көрсетуде 67%, білім беруде 74%, ал денсаулық сақтау саласында 78% тең.

Сондай-ақ, теріскейдегі әр үшінші кәсіпорынды әйел адам басқарады. Өңірдегі жеке кәсіпкерлердің тең жартысы – әйел азаматтар. Ал шаһар тұрғыны Анна Эгоф болса өміріне ерекше кәсіпті арқау еткен. Ол-таксист. Күнде таңертең биік өкшелі туфлиін киіп, темір тұлпарының маторын тексеріп алып бұл жан қала бойынша жолаушыларды тасымалдауға шығады. Әдемі, сұңғақ әрі нәзік келіншек осымен алтыншы жыл алып фольцвагенді тізгіндеп жүр. Мұнымен қоса екі бірдей ұлды тәрбиелеп отыр.

Анна Эгоф – такси жүргізушісі:


– Көлік жүргізуді жаным сүйеді. Таң ата балаларымды мектепке апара салысымен, қызметіме кірісемін. Клиенттерім алғашында таңдана қарайтын, үрейленіп, көлігіме отырудан бас тартқандар да болды, бір жолаушым маған арнап “таксист қыз” деген ән жызып берді.

Қызметпен қоса қыз-келіншектеріміз отбасын құрып, отанасы атану, дүниеге сәби әкеліп, ана болу міндетін де қатар атқарып жүр. Солтүстік Қазақстанда сәбилі болған әйел азаматтың орташа жасы 29 бен 30-дың арасында тербеледі. Осылайша, өткен жылы өңірде 7,3 мың нәресе дүние есігін ашқан. Олардың 3,7 мыңы ұл, ал 3,6 мыңы қыз бала.

 

Саят Ермек