Әр түрлі

Теріскейде орман аңдарын қысқы уақытта қоректендіру науқаны жалғасуда

Ресеймен шекаралас орналасып, 23 мың 630 гектарға жайылған ұлан ғайыр алқап бірнеше жыл мемлекет қарамағында болған. Тек осыдан бір жыл бұрын елордалық “Қансонар” серіктестігі оны жалға алып, шаруашылық құрыпты. Енді бұл аймақты мекен ететін жабайы төртаяқтылар қорықшылардың жіті бақылауында.

Анатолий Сорокин – “Қансонар” ЖШС “Волково” аңшылық шаруашылығының меңгерушісі:

– Шаруашылық аумағында сібір елігі пен қабан көп кездеседі, сонымен қатар қоян, түлкі және бұғылар да бар. Облыстық жануарлар әлемін қорғау инспекциясы және шекара қызметімен бірігіп рейд шараларын жүргіземіз. Мысал үшін, өткен жылы бес заңбұзушыны анықтап, әкімшілік хаттама толтырдық. Абырой болғанда, жануарлардың шығыны тіркелген жоқ.

Қорықшылар аңның заңсыз атылмауын қамтамасыз етумен қатар, оларды қысқы уақытта көректендіреді. Бұл маусымда түскен қардың көлемі аз, сондықтан жануарлар өз қорегін өздері табуға қауқарлы. Десе де шаруашылық ұсынған арпа, кебек, сабан мен қайың бұтақтарының бумаларынан олар бас тартпақ емес. Мәселен, мына орында еліктер көбірек азықтанады. Ал көрші алаңқайдың өз иелері бар.

Саят Ермек – тілші:


– Бұл қоректендіру алаңы қабандарға арналған. Мұнда кебек, көкеністің түр-түрі жайылған. Жануарлардың мұнда көптеп келетінін іздерінен-ақ байқауға болады. Өкінішке орай, біз оларды көзбен көре алмадық.

Кездестіріп қалармыз деп орман ішін біраз араладық. Алайда, алдымыздан бір төртаяқты шықсайшы. Жалпы, осы сынды азықтандыру орындарының саны мұнда үшеу. Сондай-ақ арнайы оттықтардың да бірнешеуі орнатылыпты. Тұз бен бордың қоспасы да төртаяқтылар рационының ажырамас бөлігі. Мұндай қорекпен жабайы жануарларды өңір бойынша 46 бірдей шаруашылық қамтамасыз етеді. Олардың қысқа әзірлеген азық қоры да аз емес.

Михаил Никитин – СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің бас маманы:

 

– Былтырғы жылы аңшылық шаруашылықты мекен ететін жабайылардың саны 19 мыңға жуық болды. Биыл жануарлардың саны біршама көбейді. Олар үшін облыс бойынша 1046 тонна сабан, 9200 тонна кебек пен арпа, 386 мың қайың бұтақтарының бумасы және 14 мың тонна тұз дайындалды.

Бұл игі істен теріскейлік кәсіпкерлер де құр қалып отырған жоқ. Мәселен, “Южный” базарындағы сатушылар үсіп не бүлініп қалған көкөністерді, ал кондитерлік цехтер жарамсыз тәттілерді ұдайы осы шаруашылықтарға жөнелтіп тұрады екен. Азықтандыру науқаны қар торлығымен еріп біткенше жалғасын таппақ.

Саят Ермек