МТРА жаңалықтары

Шілде айында айлық жол жүру билеті қалаішілік автобустардың барлығында жарамды болады

– Қалада халықтың саны өсіп жатыр. Автобусқа балалар арбасымен мінетін жас келіншектер, мүгедектер бар. Солардың барлығына тең мүмкіндік жасап, біраз бағытқа үлкен автобустарды шығарған дұрыс деп есептеймін. Қытайдың шағын автобустары қала ішінде жүруге жарамайды.

– Үлкен автобустар қажет. Адамдар сығылысып тұрмауы тиіс. Балалар мен мүгедектер арбасына да орын керек. Кейде қоғамдық көлікпен қатынаймыз. Сол уақытта балалар арбасын үйде қалдыруға тура келеді.

Облыстық Автокөлік одағының өкілдері халықтан түскен осы және өзге де ұсыныс-тілектерді ескеріп, алдағы жұмыс жоспарларын айқындап алыпты. Сөйтіп, көп ұзамай қимыл-қозғалысы қиын азаматтарға қоғамдық көліктермен қатынау ыңғайлырақ бола түспек. Өйткені, алдағы уақытта едені төмен автобустардың саны көбейеді деп күтілуде. Биыл ондайдың бесеуі Бескөл ауылына қатынай бастады. Болмашы өзгеріске тұрғындар дән риза.

– Бескөлге қатынайтын 101-ші автобустардың іші кең, орындықтары көп. Біз сияқты зейнеткерлерге жақсы болды. Отырып барамыз. Билет құны да қымбат емес-130 теңге.

– Халық көп қатынайтын бағыттарда қоғамдық көліктердің санын көбейтсе жақсы болар еді. Тиісінше, көп жолаушы діттеген жерлеріне отырып барады.

Жыл сайын шаһарымызда қытай автобустарының 20 данасы қолданыстан алынып, олардың орнына жаңалары шығарылады екен. Жалпы бүгінде қалалық автобус паркінде 300 бірлік техника бар. Олар 24 бағыт бойынша қатынайды.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:


– Шағын автобустарда әдеттегідей тұрып қатынауға болады. Оған шектеу қойылған жоқ. Осы тұста айта кетейін, кейбір тұрғындар діттеген жеріне жету үшін қала ішінде 2 автобусқа отырып, артық шығындалады. Алдағы уақытта бұл мәселелені бір жақты етеміз. Шілденің бірінен бастап айлық жол жүру билеті қалаішілік автобустардың барлығында жарамды болады.

Ал қолма-қол ақша айырысатын тұлғаларға бір реттік билет беріледі. Бұл талап та тасымалдаушылардың бәріне қатысты.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:


– Жолаушылар көлігімен қатынайтындардың қолында жол жүру билеті болуы тиіс. Бұл туралы тасымалдаушылар, жүргізушілер мен кондукторлар хабардар. Алдағы уақытта автобус жүргізушілерінің барлығы бірыңғай үлгідегі киім киіп шығады. Біз ереженің орындалуын ерекше бақылауға аламыз.

Осы ретте айта кетейік, айлық жол жүру билеттерінің бағасы жыл соңына дейін өзгермейді. Оның қазіргі құны – 6 800 теңгені құрайды.

Берік Қасен