Құқық қорғау органдары

Шен таққан әйел азаматшалар марапатқа ие болды

Олардың арасында шен тағып, парадтық киімін кигендерді де, бұрындары осы салада еңбек еткен ардагерлерді де көруге болады. Қөктемнің шуағымен құлпырып, жайқала түсетін әйелдер қауымы бүгін мына залға көптеп жиналған екен. Осынау жарқын мерекемен оларды өңірдің бас полицейі құттақтады.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:


–  Облыстық ІІО-да 536 әйел азамат жұмыс істейді. 393-і – аттестациядан өткен нәзікжандылар. Олардың көпшілігі – офицерлер. Бізде 3 полиция полковнигі, 28 подполковник, тағы 103 майор әйел азамат бар. 13 нәзікжанды – басшылық лауазымда қызмет етуде. Бүгінде ІІО-нда жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектердің сіңірген еңбегі өлшеусіз. Олар өз міндеттеріне ерекше ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарайды. Сол себепті, барша нәзікжандыларды осынау шуақты мерекемен құттықтаймын. Отбастарына амандық, бақыт тілеймін.

Мереке күні бірқатар шен таққан нәзікжандылар түрлі марапатқа ие болды.
Министрліктің медалін 15 әйел азамат иеленді. Олардың қатарында Уәлиханов аудандық ІІБ кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі полицияның учаскелік инспекторы Наргиза Темірбекова да бар. Екі баланың анасы болғандықтан балғындармен кездескенде ең алдымен әрі ана, әрі психолог ретінде жұмыс істеуге тырысамын дейді.

Наргиза Темірбекова – Уәлиханов аудандық ІІБ кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі полицияның учаскелік инспекторы:


– Кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс істеймін. Қызметіме оларды қадағалау кіреді. Мектеп инспекторы болып істеймін. Балалармен көбінесе профилактикалық жұмыстар жасаймыз. Әрі қарай жұмысты жалғастыра береміз.

Бұл күні облыс әкімінің Құрмет грамотасымен екі азаматша марапатталды. Ал, бірқатары кезекті шендеріне ие болды.

Айгүл Құнанбаева – СҚО ІІД көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы:


–  Жұмысымды қарапайым қызметкерден бастағанмын. Кейін мен де шен тағып жүргім келді. Аттестациядан өтіп, инспектор болдым. Осылай ақырын өсіп, бүгін міне, подполковник атанып отырмын. Еңбегімнің бағаланып жатқанына өте қуаныштымын.

Бұл күні полицей-әйел азаматтардың арасында сұлулық байқауы да ұйымдастырылды. Ерлермен иық тірестіре жұмыс атқаратын олар форма емес, сахнаға сәнді көйлектерін киіп шықты. Мерекелік шара соңы концертке ұласты.

 

Мағжан Ахмадина