Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президенттің әлеуметтік бастамалары халықтың зор қолдауын тапты

Елбасы аталған проблеманы шешу жолында ипотеканы арзандатып, тұрғын үйге мұқтаждардың
арманын ақиқатқа айналдыру керек деді. Осыған орай «7 – 20 – 25» бағдарламасын да ұсынды. Ондағы шарт бойынша жұмысбасты әрбір азаматқа қалтаға салмақ салмайтын несие беру көзделген. Басқаша айтқанда, заемшыға ұсынылатын қарыздың жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын болады. Осындай жағымды өзгерістердің болатынына солтүстікқазақстандықтар дән риза. Елбасы үндеуін Раушан Балқашева да оқыпты. Нәзікжанды 6 жыл бойы пәтер кезегінде тұр екен.

Раушан Балқашева – Петропавл қалалық білім бөлімінің маманы:


– Ипотекалық несиенің арзандайтынын естігенде өте қатты қуандым. Оған қоса салымшылар баспана құнының 20 процентін жинаса жеткілікті болады екен. Қарызды 25 жылға бөліп қайтару мүмкіндігі де қарастырылыпты. Бұл жас отбасылар үшін жағымды жаңалық. Мен осындай шарттарға қуана келісіп, тезірек жеке тұрғын үйіме қол жеткізуді армандап жүрмін.

Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде студенттерге де жаңа жатақханалар салуды тапсырды. Оған қоса жыл сайын ЖОО-на бөлінетін грантардың санын 54 мыңнан 74 мыңға дейін көбейтуді жүктеді. Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік бермек. Бұған, әсіресе, болашақ студенттер қуанышты. Ризабек Қамбар қазіргі таңда ЖОО-на түсуге дайындалып жүр. Келешекте физик болғысы келеді.

Ризабек Қамбар – СҚО дарынды балаларға мамандандырылған “Білім-инновация” лицей-интернатының 11-сынып оқушысы:


– Жыл сайын бөлінетін гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Тегін білім алу құқығына бірінші кезекте инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары ие болады.

Жас кадрлар жұмыссыз қалмайды. Жалдамалы еңбеккер болғысы келмейтіндер өз алдына жеке кәсіп ашуына болады. Ол үшін алдымен “Бизнес бастау” жобасы аясында қысқа мерзімді курстан өту қажет. Өткен жылы 937 солтүстікқазақстандық бизнес негіздерін үйреніп, шағын несие алу құқығына ие болған. Алайда, бәрі бірдей мемлекет ұсынған жеңілдікке қол жеткізе алмапты. Оның себебін қаржыгерлер түсіндірді.

Светлана Назарюк – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ директоры:


– Тұрғындарға шағын несие жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен, оған қоса комиссиясыз беріледі. Алайда, бұл жеңілдікке бәрі бірдей қол жеткізе алмай жүр. Себебі, шағын және орта бизнеске бөлінген несие саны шектеулі болды. Осы мәселені шешу мақсатында Елбасы шағын несиеге қосымша 20 млрд теңге бөлуді тапсырып отыр. Осының арқасында енді халықтан қабылданып жатқан өтініштер мен старт-ап жобалар аяқсыз қалмайтын болды.

Өткен жылы облысымызда жалпы құны 1,8 млрд теңгенің 400 жобасы қаржыландырылыпты. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту шараларына қарқын берілмек.

Берік Қасен