МТРА жаңалықтары

Облыста жаңбыр жауып, айналаны көктайғақ басты

– Бүгін күн әдеттегіден жылы. Алайда, аздап жауын-шашын тұр. Синоптиктердің болжауынша, наурыздың 6-сы мен 7-сінде өңірімізде циклон күтілуде. Екі күн бойы екпінді жел тұрады. Қазірдің өзінде 30 м/с дейін жететін дауыл Ғ. Мүсірепов, Мамлют және Тимирязев аудандарында соғып тұр.

Жауын-шашынның салдарынан көп ұзамай жолдар көктайғаққа айналып, облыс аумағындағы барлық бағыттағы тас жолдар жабылды. Бірақ бұл басы ғана. Синоптиктер осы екі күнде жауын-шашын мөлшері 2 есе артық түсіп, 10-14 мл-ді құрайды деп болжап отыр.

Наталья Левина – Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Осы екі күнде облыс аумағында жауын-шашын молынан түседі. Батыс және оңтүстік батыстан соғатын желдің жылдамдығы да секундына – 15-20, кей жерлерде 30 метрге дейін жетеді. Түнде ауа температурасы минус 5-20-ға дейін төмендесе, күндіз минус 5-тен плюс 3-ке дейін көтеріледі.

Халықаралық әйелдер мейрамында да жаймашуақ ауа райын күтудің қажеті жоқ. Сынап бағанасы түнде минус 15-20, ал күндіз минус 5-10 градусты көрсетеді. Жерлестеріміз де алдағы күндердегі ауа-райы айтарлықтай жылыбайтынын болжап отыр.

– Далада жауын жауып тұр. Тайғанақ. Наурызда адамдардың көңілі ашық болады, ауа-райы да соған лайықты болса екен деймін.

– Наурыз айы жылы болады деп сенемін. Бірақ әр жыл сайын ауа-райы өзгеріп отырады. Сол себепті, не боларын білмеймін. Меніңше, әлі де қар жауады деп ойлаймын.

– Бұл айда дала суық болып, көктем кеш келеді деп ойлаймын. Оған қарамастан, жылы күндерді күтеміз.

Жалпы синоптиктер наурыз айында күн райы тұрақсыз болатынын ескертеді. Қар түсіп, боран соғуы да ықтимал. Айту керек, ауа температурасының нөлден төмен көрсеткіштерде сақталуы апаттардың алдын-алуға септеспек. Өйткені, мамандардың айтуынша, күн тез жылып кетсе, қаланың кей жерлері су астына кетуі мүмкін.

Молдир Макишева