Қоғам

Әскери салада қызмет ететін әйелдер

Осы азаматшалардың арасында әскери қызметкерлердің де барын білеміз. Жауапты мамандықтың жүгін арқалаған жерлестерімізбен Халықаралық әйелдер күн қарсаңында арнайы кездесіп, тілесіп қайттық.

–  Кейіпкерлеріміз мына 6637 әскери бөлімінде қызмет етеді. Олар үшін темірдей тәртіп ортақ. Яғни, ер азаматтармен бірге біздің нәзікжандыларымыз да еңбек етуде. Бүгін сол азаматшалардың қызметімен танысатын боламыз.

Сәуле Жазықбаеваның негізгі мамандығы – мұғалім. Алайда, ол әкесі сияқты әскери қызметте еңбек етуді қалаған. Кіші сержант шеніне ие нәзікжанды қаламыздағы әскери бөлімде 2003 жылдан бері жұмыс атқарады. Ол мұнда 19 жасында хатшы болып орналасқан. Кейін, уақыт өте байланыс қызметіне ауысыпты. Жерлесіміздің қазіргі қызметі – аға телефоншы.

Міне, азаматша осы салада 10 жыл бойы тер төгіп жүр. Әрине, бір қарағанда телефоншының жұмысы оңай-ақ шаруа дерміз. Бірақ, күн ұзаққа байланыс құралының қасында отырып, қоңырау қабылдау ісі де адамды шаршатары айдан анық. Дегенмен, нәзікжанды темірдей тәртіпті талап ететін қызметке төселіп алған.

Сәуле Жазықбаева – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің аға телефоншысы:


–  Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істеймін. Күнделікті бұл телефонға дамыл жоқ. Өзіме қызметім ұнайды.

Сәуле Жазықбаеваның өз ісіне машықтанып алғаны соншалық, кейде үйіне қоңырау соққан жандарға да жұмыстағыдай жауап береді екен.

Сәуле Жазықбаева – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің аға телефоншысы:


–  Үйге звондаған кісіге кіші сержант Жазықбаева деп жауап беремін. Адамдар қайда түстік деп таң қалады.

Сәуле Жазықбаева – 3 баланың анасы. Оның жолдасы да әскери адам. Қазір жұбайы Астана қаласында жұмыс істейді.
Бұл бөлімде Елена Порошина да еңбек етуде. Ол – қаржы қызметінің аға маманы. Қарапайым тілмен айтсақ, бухгалтер. Алайда, азаматша есеп-қисаппен айналысып қана қоймайды, жылына 2 мәрте ерлермен қатар норматив тапсырады. Күрделі сынақтардан 40 жастағы нәзікжанды сүрінбей өтіп жүр.

Елена Порошина – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің аға маманы:


–  Мылтық атамыз, физикалық жаттығулар орындаймыз, әскери жарғы бойынша сынақ тапсырамыз. Бастапқыда атқан оғым нысанаға тимеген. Кейін машықтанып алдым. Қазір бұл тапсырмаларды жақсы деген бағаға орындап жүрмін. Жас ұлғайған сайын, әрине, қиындау. Бірақ, өзінің жұмысың болған соң абыроймен атқаруға тырысасың. Әскери мамандықтың қиындығы да, қызығы да осында.

Елена Порошинаның да жолдасы – шенді азамат. Жұбайлар 2 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлдары ата-анасының жолын қуып Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы әскери-медицина академиясына оқуға түсіпті. Жалпы, 6637 әскери бөлімінде Халықаралық әйелдер күніне деген дайындық қызу. Мұндағы жауынгерлер мейрамға орай қабырға газетін жасапты. Мерекеде басшылық өздерімен бірдей қызмет атқарып жүрген нәзікжандыларды құттықтамақ ниетте.

Кенжеболат Балтабаев – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жөніндегі орынбасары:

– Заң бойынша әскери әйел немесе ер азамат деп бөлінбейді. Бәріне тәртіп ортақ. Сол бойынша мамандар жұмыс істеуде. Негізінен нәзікжандылар қызметтеріне жауапты әрі тиянақты. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарады. Осы ретте СҚО-ның әйелдер қауымын төл мерекелерімен құттықтаймыз. Дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінде 40-тан аса азаматша жұмыс істейді.

 

Байболат  Култанов