Білім

Жергілікті жоғарғы оқу орнында болашақ ауыл шаруашылығы мамандарының олимпиадасы өтті

Халықаралық олимпиадаға Шығыс Қазақстандық Альфия Емил мықты дайындықпен келіпті. Жеңіс «99 пайыз еңбек пен 1 пайыз сәттіліктен» тұрады деген сөзге сеніп, бар білімін сарапқа салмақ. 3 курс студентінің өз мамандығы – мал шаруашығы өнімдерін өндіру технологиясына деген сүйіспеншілігі ерекше. Әсіресе, қалада туып-өскен бұрымды үшін бұл сала өте қызықты екен.

Альфия Емил – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті:

– Екі нәрсені таңдауда қателесуге болмайды. Бірі-жар таңдау болса, екіншісі- мамандық. Өзіме оқуым ұнайды.

1-ші кезең – тестілеу. Солтүстiк Зауралье мемлекеттiк аграрлық университетiнің студенті Вера Коневаның сөзінше, бұл сында ең бастысы асықпай, сұрақтарды мұқият оқып жауап беру керек.

Вера Конева – Солтүстiк Зауралье мемлекеттiк аграрлық университетiнің студенті:


–  Кез келген сайысты өз білімім, тәжірибем мен психологиялық дайындығымды тексеру мүмкіндігі деп қабылдаймын. Мамандығым қызықты болғандықтан, оны меңгеруде еш қиындық туған емес. Бұл сынды сондықтан ойдағыдай еңсеремін деген үміттемін.

Алғашқы турды сәтті еңсерген студенттер, енді университет қабырғасында жинаған білімдерін іс жүзінде дәлелдемек.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Менің қолымда тритикаледің үлгісі. Бір қарағанда алтын астықпен шатастырып алу оңай. Тектен-тек емес. Ол бидай мен қарабидайдың шағылыстыру нәтижесінде пайда болған жаңа сұрып. Дақыл негізінде ауыл шаруашылығында мал жеміне арналып өсіріледу екен.

Бұдан соң, суретте көрсетілген техника атауларын тауып, тыңайтқыштардың түрлерін ажырату қажет. Бұл тек агрономдардың тапсырмасы. Жалпы, олимпиадаға тағы болашақ орманшылар мен технологтар да қатысуда.

Күлбарам Баязитова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ауыл шаруашылығы кафедрасының доценті:

 

– Елбасы айтқандай, ауыл шаруашылығы саласын дамыту қажет. ЖОО қабырғасында оған қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан, басқа да университеттермен тығыз қарым-қатынаста болуымыз қажет. Алдағы уақытта бірлесіп жобалар жазғымыз келеді.

Олимпиаданы университет ұжымы осымен 2-ші мәрте ұйымдастыруда. Алдағы уақытта сайысты дәстүрлі түрде өткізу жоспарланған.

Эльмира Сәдуақасова