Спорт

Шайбалы хокейден ел біріншілігінің ширек финалы бастау алды

Вячеслав Белан – “Құлагер” ХК бас бапкері:


– Мұнда құрамалар жұптарға бөлінеді. Олар бір-бірімен кем дегенде – 4, ал көп дегенде 7 кездесу өткізеді. Алғашқы болып 4 ойынды жеңіспен аяқтаған команда жартылай финалға жолдама алады. Ал, ойынның негізгі уақытында құрамалар есеп ашпаса, бірінші шайба соғылғанша 20 минуттық овертаймдар ойналады.

Плей-офф сериясында жергілікті “Құлагер” ХК-на атыраулық “Бейбарыс” бұйырды. Петропавлдағы алғашқы кездесу екі құрама үшін де қарқынды басталды. Бастапқы кезең бойы қарсыласына дес бермей келген жергілікті хоккейшілер периодтың 17-ші минутында қорғаныста ағаттық жіберіп алды. Осылайша “Бейбарыс” шабуылшысы Денис Макаров есеп ашты.

Екінші периодта айдын иелері әуелгі қарқынын жоғалтып алды. Кезеңнің 30-шы секундында бейбарыстық Альберт Вишняков есепті еселей түсті. Үшінші кезеңде де соққылардың басым бөлігі Трифонов қақпасына ұшты. Басымдықты дұрыс пайдалана білген “Бейбарыс” хоккейшісі Роман Смирнов кезең аяғына 4 минут қалғанда алаң иелерінің қақпасына тағы бір шайба салып, матч тағдырын шешіп берді.

Виктор Луговской – “Құлагер” ХК қорғаушысы:


– Физикалық жағдайымыз жақсы, тек ойынға дайын болмаған секілдіміз. “Бейбарыс” командасы бізден жылдамдық жағынан да, шеберлігі бойынша да басымырақ болды. Ал, екінші шайбаны өткізіп алған соң, көңіл күйіміз тіптен бұзылды. Қателіктерімізді қарастырып, қарымта кездесуде қайталамауға тырысатын боламыз.

Саят Ермек – тілші:


– Плей-офф кезеңінің алғашқы кездесуінде Белан бастаған жігіттер атыраулықтарға 3:0 есебімен есе жіберіп алды. Қарымта кездесу қандай болмақ? Құлагерліктер жіберген есесін қайтара алады ма? Әлде “Бейбарыс” 1/4 финалдағы басымдылығын еселей түседі ме?

Қарымта кездесуде құлагерліктердің ойыны жанкүйерлерді қуантпай қоймады. Десе де, қарсыластың қорғанысы мығым. Үш период бойы екі құрама бір-бірінің қақпасын кезек-кезек шабуылдаса да негізгі уақытта есеп ашылмады. Ал, қосалқы кезеңнің 14-ші минутында құлагерлік Дмитрий Макеев жергілікті құрамаға жеңіс сыйлады.

Осылайша ширек-финалдық кездесулер сериясындағы есеп 1:1. Алдағы екі матч наурыздың 7-8-зі күндері Атырау айдынында өтпек.

 

Саят Ермек