Денсаулық сақтау

Теріскей өңіріне жұмыс сапарымен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов келді

Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген болатын. Шілде айынан бастап осы қорға қаражат аударыла бастады. Қаржы болашақта азаматтардың бірқатар қызмет түрлерін тегін алуға мүмкіндік бермек. Қазір бұл тізім халық арасында кең таралған сырқаттарға байланысты анықталу үстінде. Бұған қоса, жүйенің толыққанды іске қосылуын өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер тежеп отыр екен.

Елжан Біртанов – Денсаулық сақтау министрі:


–  Бүгінде 2,7 млн қазақстандық сақтандырылмаған. Олардың 1 млны өздерін жұмыспен қамтылғандар санатына қосуда. Алайда, олар зейнетақы қорында тіркелмеген. Яғни, бірі жалдамалы, бірі маусымдық еңбек орындарында істейтін көрінеді. Егер олар уақытылы төлем жасамаса, кейін қызмет түрлерін ақылы түрде алатын болады. Сондықтан, бірінші кезекте осындай тұрғындардың жұмысын заңдастыру қажет.

Тағы министр қағазбастылықтан арылу мәселесін де тілге тиек етті. Биыл сандық технологияларды енгізуге байланысты қазақстандық ауруханалардың жұмысы оңтайландырылмақ. Бірінші шілдеден бастап теріскейде де аталған шара мықтап қолға алынатын болады.
Айту керек, соңғы 10 жылдың ішінде өңірімізде бірде-бір жаңа аурухана салынбапты. Бұл ретте Елжан Біртанов ондаған кішкентай емхананың орнына, заманауи технологиялармен жабдықталған бірнешеуін тұрғызу қажеттігін айтты. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша да теріскейліктер қызыл аймаққа ілініпті.

Елжан Біртанов – ҚР Денсаулық сақтау министрі:


–  Өңірдегі өлім-жітім республикалық көрсеткіштен 44 пайызға жоғары. Аналардың өлімі орташа ел деңгейінен 18, нәрестелердікі 13 пайызға көп. Бұл тұрғындар жасының үлкендігінен емес қой. Сондықтан, мұндай проблеманың неліктен туындап отырғанын анықтау қажет.

Олқылықтарды жойып, өңірлік жоспарды қайта қарауға министр бір ай уақыт берді. Тағы Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласының жұмысын бақылайтын кеңес құру керектігін айтты. Кездесуді пайдаланып, медицина қызметкерлері шенеунікке базыналарын жеткізді.Мамандар жалақыларының төмен екеніне шағымдануда.

Елжан Біртанов – ҚР Денсаулық сақтау министрі:


–  Оңтайландыру, сандық технологияларды енгізіп жатырмыз. Олардың арқасында бюджеттегі ақша үнемделуде. Соны дәрігерлердің жалақасын көтеруге жұмсау қажет.

Бұл мәселелермен өңір басшысы Құмар Ақсақалов жақсы таныс.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бүгінде облысымызға 239 дәрігер қажет. 01-09 Мәселе бұрыннан бері шешімін таппай жатыр. Бұған себеп – жалақы аз, баспана жоқ. 02-00 Әрине, республикададан да көмек қажет. Бірақ, алдымен өз мүмкіндіктерімізді барынша пайдалану қажет.

Мамандар тапшы, бірақ оларға беретін баспана да жоқ. Облысымыздағы жалғыз гематолог-онколог Динара Әубәкірова осы сұрақты көтерді. Нәзікжанды дәрігерлер үйінде 2-бөлмелі пәтерде отбасымен тұрады екен.

Динара Әубәкірова – облыстық балалар ауруханасының гематолог-онколог дәрігері:


–  Стандарт бойынша, бір дәрігерге тек бір бөлме қарастырылған. сондықтан, пәтеріме тағы бір маманды орналастырмақшы. Келіспесеңіздер, жаңа баспана іздеңіз деп жатыр. Менің күйеуім, екі балам бар. Осы сұрақты қарастырсаңыз деймін.

Бұл мәселені республикалық деңгейде шешу қажеттігі айтылды. Оны министр жіті қадағалайтын болады. Өңір басшысы денсаулық сақтау саласындағы сұрақтарды әлеуметтік желілерден әрдайым бақылап отырады. Туындайтын мәселелерді тұрғындар тікелей облыс әкімінің интернет-ресурсына жазады екен.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Технологияның қарыштаған заманында бірнеше сағат бойы кезекте тұру ойға қонымыз дүние. Барлығын автоматтандыру қажет. Мен алдағы уақытта да ескертусіз ауруханаларға келіп, жұмыстарыңызды тексеріп тұратын боламын. Бұған қоса, өзімнің де бақылау кеңесінің қатарына кіретін ойым бар.

Сондай-ақ, теріскейлік дәрігерлер мейманды өткен жылдан бері жұмыс істейтін «АнтиИнсульт» мобильді қосымшасымен таныстырды. Бағдарлама бүгінгі таңда кеңінен таралып жатқан аурудың алдын-алуға бағытталыпты. Кез келген адам гаджеттердің көмегімен қосымшаға тіркеліп, тестілеуден өте алады. Оның қорытындысы емхана дәрігерлерінің «жеке кабинетіне» келеді екен.

Ирина Зламанец – Облыстық аурухананың неврологиялық бөлімшесінің меңгерушісі:

– №3-ші қалалық ауруханада қан айналу жүйесінің сырқаттары мен қант диабеті бойынша 6204 адам есепте тұр. Олардың барлығы «АнтиИнсульт» қосымшасы арқылы тестілеуден өтті. Тең жартысында инсульттің мүмкіндігі анықталды.

Бұл, теріскейліктер жасаған жалғыз жоба емес. Былтыр «Онкоскрин» бағдарламасы да іске қосылған болатын.

Дмитрий Тё – Облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирург дәрігері:


–  Жоба жарты жыл бойы жұмыс істейді. Осы аралықта оны 100 мың адам өз гаджеттеріне жүктеп алған. Тестілеуден кез келген адамның өтуге мүмкіндігі бар. Нәтижесі бойынша, олар денсаулықтарын қалыпқа келтіру үшін қандай шара қолдану қажет екені туралы ақпарат алады.

Елжан Біртанов – ҚР Денсаулық сақтау министрі:


–  Бұл өте қажетті әрі пайдалы қосымша. Оны Қазақстан бойынша тарату қажет. Тұрғындардың барлығы өз денсаулықтарын тексерсе, бірқатар ауруларды асқындырмауға мүмкіндік болар еді.

Тағы министр онкологиялық диспансердің жаңа корпусының құрылысымен танысып, облыстық жедел медициналық көмек орталығына бас сұқты. Онда мамандар жаңа жүйе бойынша жұмыс істеуде. Қазір кәсіпорынға келіп түсетін шақыртулардың бір бөлігін қалалық ауруханалар алатын болыпты. Осылайша, фельдшерлердің жүгі жеңілдепті.