МТРА жаңалықтары

СҚО “Адал жол” акциясы өтуде

Мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындар мен мектептерде бармақ басты, көз қыстылықтың зияны жайлы айтылыпты. Тіпті, жергілікті 100-ден аса пәтер иелері кооперативтері төрағаларымен де кездесу ұйымдастырылған.

Анар Серікбаева – Петропавл қалалық әкімдігі аппаратының заң бөлімі басшысы:


–  ПИК төрағаларымен өткен кездесуде қоғам дерті саналатын -жемқорлықтың алдын алу жайы айтылды. Бұдан бөлек, парақорлыққа жол берген тұлғаларға тағайындалатын жаза туралы әңгімеледік. Тағы, жиын қатысушыларына заң бұзушылық фактісін байқаған жағдайда, қандай құзырылы органдарға хабарласу керектін түсіндірдік. Бұл кездесулердің тұрғындар үшін пайдасы зор деп білеміз.

“Адал жол” акциясы Петропавлдан бөлек өңіріміздің түкпір-түкпірінде өтпек. Шара аясындағы алғашқы жұмыстар наурыз айы бойы Аққайың ауданында ұйымдастырылады. Бүгінгі жиында көш кезегі облыс орталығынан аталған өлкеге салтанатты түрде табысталды. Ақайыңдықтар өздері қабылдаған акция барысында бірталай іс тындыруды көздеп отыр.

Арман Дүйсенбинов – Аққайың аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы:


–  Мобильдік топ ауданымыздың ауылдарын аралайтын болады. Мамандар тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-шағымдарын тыңдамақ.

Бұдан бөлек, Аққайың ауданында жастар арасында спорттық жарыстар мен пікір-талас сайыстары да ұйымдастырылмақ. Кейін, сәуір айында “Адал жол” акциясын өткізу кезегі басқа ауданға беріледі. Әзірге эстафетаны қай өлкенің қабылдайтыны белгісіз.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:


–  Шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – әр ұйымға, әр адамға жемқорлықтың зиянын хабарлау. Акция кезінде қала мен аудандарда құрылған мобилдік топтардың жұмысы шара аяқталған соң тоқтап қалмайды. Олар халықпен кездесуді жалғастыра бермек. Осы арқылы біз қоғамдағы парақорлық фактілерін азайтамыз деп ойлаймын.

Айта кетейік, жемқорлыққа қарсы өткізіліп отырған “Адал жол” акциясы желтоқсан айында аяқталатын болады.

 

Байболат  Култанов