Қоғам

Бизнесмендердің облыстық форумы кәсіпкерлерсіз өтті

Тұрар Ысқақов – облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Бүгінде мемлекеттік сатып алу үрдісі мен құрылыс, жер қатынастары басқармалары және оларға қарасты ведомстволар бақылауға алынды. Орталық органдардың ішінде кеден қызметі, көлік және экологиялық қадағалау жүргізетін мекемелер де ерекше назарда. Себебі аталған мекемелерде жемқорлық фактілері жиі орын алады.

Ал облысымызда, әсіресе, ауыл шаруашылығы және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау салаларында заңбұзушылықтар көп. Мұны мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаменті сыртқы талдау жұмыстарының барысында анықтапты.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Сараптама жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітпейді. Ауыл шаруашлығы саласына бөлінген қаражат ұрланып жатыр. Бизнесмендерге шенеуніктер ғана емес, қаржы институттары да әкімшілік кедергілер тудыруда. Аграрлық несие корпорациясы несиені рЕсімдеу үрдісін қиындатып жіберген. Кәсіпкерлерден басы артық құжаттарды сұратады. Заңда жоқ талаптар қояды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорында да осыған ұқсас кемшіліктер жетіп артылады.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет түрлері біртіндеп электрондық форматқа алмастырылуда. Осылайша, парақорлыққа қатысты заңбұзушылықтарды азайту міндеті тұр.

Департамент мамандарды бұл орайда тұрғындарды да барынша белсенді болуға шақыруда. Жемқорлық фактісі жайлы дер кезінде хабарлағандарға мемлекет есебінен 240 мың теңге сыйлық ақы беріледі. Осы ретте айта кетейік, биыл облысымызда қоғамдық қабылдау картасы іске қосылды.

Серік Айдарбеков – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

– Облысымыздың аудандарында мобилдік топтар жұмыс істейді. Фактілерді соларға хабарлауға болады. Сонымен қатар өтініш, шағымдарды “Қамқор” мобилдік қосымшасы арқылы жіберуге болады.

Осылайша, мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалып, жолдар мен баспаналардың сапасыз салынып жатқанын байқағандар, факті жайлы дереу ұялы телефон камерасына түсіріп, тиісті мекемеге жолдау қажет. Сол материалдың негізінде жауапты органдарда тексерістер жүргізіледі.


Берік Қасен