Мәдениет

Білім және мәдениет саласын қатар алып жүрген Тойкен Күдерова 60 жасқа толды

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Сіздің еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Өсіп келе жатқан ұрпақ та сізден үлгі алады.

Тойкен Күдерованың бастамасымен құрылған “Күдер” ансамбліне биыл 23 жыл. Домбырашылар және басқа да ұлттық аспаптарда ойнайтын балғын өнерпаздар бас қосқан ансамбль алғашқы концертін көрермен назарына 1985 жылы ұсынды. Бүгіндері оның шәкірттері өңіріміздің музыка саласында жемісті қызмет етіп жүр. Ал “Күдер” ансамбілінің қатарында жас буын өнер көрсетуде.

Мөлдір Төлейхан – “Күдер” ансамблінің мүшесі:

– Тойкен Қабиқызы мен үшін ерекеше тұлға. Себебі, ол бізді көп нәрсеге үйретті. Өз басым оны қадірлеп, құрметтеймін. Осы “Күдер” ансамблінің арқасында үлкен жетістіктерге жеттік.

Тойкен Күдеровадан тәлім алған жастардың біразы облыс көлемінде өнер көрсетіп жүр. Солардың қатарында Марат Ғайнуллин де бар. Шәкіртінің өнерге жетелеген ұстазына айтар алғысы шексіз.

Марат Ғайнуллин – СҚО филармониясының әртісі:

– Ол кісі бізге 4 жыл бойы сабақ берді. Үлкен өнердегі кемеде менің жолымды ашқаны үшін алғысымды білдіремін.

Күй құдіретін түсініп, елге танылған шәкірттерінің тағы бірі – Біржан Есжановты. Ол сахнада қасиетті домбыраның сүйемелдеуімен “Көк шолақ” әнін нақышына келтіріп орындады.

Жиналғанғандар жан тебірентер күйлерді ұйып тыңдап, жастардың өнеріне тәнті болып отыр. Бар өмірін, күш-жігері мен білімін осындай шәкірт тәрбиелеуге арнаған Тойкен Күдерованы өнерсүйер қауым жақсы таниды.

– Менің байқағаным талғамы зор, кәсіптік деңгейі жоғары. Бұл кісі қанша концерт ұйымдастырса, соның бәріне денсаулығым жетсе, баруға дайынмын.

– Зал өте тығыз. Залда ине шаншар жер жоқ. Өнерлі азаматтар көп болсын.

Тойкен Күдерова ширек ғасыр уақыт бойы өнер колледжіндегі өзінің бастамасымен құрылған домбырашылар бөліміне жетекшілік етті. Бұл уақытта талай дарынды жастың жолын ашты. Олардың саны бүгінде 500-ге жетеді.

Тойкен Күдерова – “Өнер колледжі музыкалық-эстетикалық бейімдегі” дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімі:

– Алдыма домбыралық орындаушылықты жоғары дәрежеге көтеремін деген мақсат қойдым. Міне бүгінгі кешім соған дәлел деп ойлаймын. Өмірде пайдалы жұмыс жасағаным үшін мен өте бақыттымын.

Салтанатты кеш барысында Тойкен Күдерованы еңбек жолындағы әріптестері мен шәкірттері құттықтап, жүрекжарды лебіздерін арнады.

 

Молдир Макишева