Білім

№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің музейінде көрме өтті

Марина Тябус, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің ұлттық бөлімдері мұғалімдерінің білім беру кеңесінің жетекшісі:

– Мына сөреде тұрмыстық заттар және музыкалық аспаптар жайғастырылған. Мәселен, бұл поляктардың сыбызғысы, ар жақта қазақ халқының үрмелі аспабы тұр. Сондай-ақ, осында корейлердің барабаны да болған еді. Оны біз республикалық музейге табыстадық.

Осы күні мектеп ұстаздары дөңгелек үстел ұйымдастырып, оқушыларға Алғыс айту мерекесінің маңызы жайында айтты. Әңгіме төркіні қазақ халқының мейірбандығы, бауырмалдығы жайында болды.
Луиза Цойдың отбасын Қазақстанға 1937 жылы депортациялаған. Сол жылдары алыстан жұтаң күйде келген келімсектерді қазақ халқы баспаналарына кіргізіп, соңғы үзім нанымен бөліскен.

Луиза Цой:

– Өзге елдерден қоныс аударған адамдардың қаражаты, жұмысы болмаған. Қиын қыстау кезеңдерде ауырып көз жұмғандар да аз болмады. Бірақ, кәрістердің біраз бөлігі қазақтардың жомарттығы мен мейірімділігінің арқасында аман қалды. Сол үшін оларға зор алғысымды білдіремін.

Бүгін де қазақ елі өзге этностарды бөліп-жармай, барлығына ана тілі мен дәстүрін дамытуға тең мүмкіндік жасап отыр. Осы үшін Тимофей Артоболевский де қандастарымызға алғысын айтуда. Биыл мектеп тәмамдағалы жатқан поляк ұлтының өкілі болашағын Қазақстанмен байланыстыруды әлдеқашан шешіп қойыпты.

Тимофей Артоболевский- №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

– Мен осы елде өсіп-өндім. Сапалы білім алдым. Бұл жерде менің ата-анам, бауырларым тұрады. Олар ұнаған кәсібімен айналысып жүр. Мен де өз орнымды тауып, ел игілігі жолында аянбай тер төккім келеді.

Дөңгелек үстел барысында “100 жаңа есім” жобасына енген тұлғалармен дидарласудың сәті түсті. Оқушылар мүмкіндікті жібермей, елеулі еңбегімен жетістікке жеткен табысты жерлестеріне сұрақтарын жаудырды. Қазақстанға бірнеше күнге жұмыс істеуге келіп, осында біржола қалып қойған азаматтар да баршылық.

Берік Қасен