ТЖ

Өрт ана мен екі баласының өмірін жалмады

Тұрғын үйде от шыққандығын өрт сөндірушілерге түнгі 12-ден тоғыз минут кеткенде көршілер хабарлаған.

Николай Белоусов – СҚО ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:

– Апат болған жерге бірден екі бөлімнің 4 өрт сөндіру көлігі жіберілді. Көшенің тарлығынан көліктердің баспанаға жақын кіруі қиын болған. Содан шлангтарды тартуға тура келді. Жақындап келгенде үйдің терезелерінің де жиһазбен қойылып тастағандығын көрдік. Ол да біраз кедергі болды. Сөйтіп, бір сағаттан аса уақытта өрт ауыздықталды. Қою түтінің ішінен 3 адамның денесін алып шықтық. Олардың екеуі кішкентай балалар.

Құтқарушылар өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алды деп отыр. Өйткені, қызыл жалын тек пеш жағылған ас үй жақты ғана шарпыған.

Николай Белоусов – СҚО ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:

– Әзірге апат электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан орын алды деп болжап отырмыз. Қою қара түтінге тұншыққан үйдегілер сыртқа шыға алмаған. От 25 шаршы метр аумаққа жайылған. Құтқарушылар да уақытылы шақырылмаған.

Түнде болған өртті қазір бұл жерде шашылып жатқан ойыншықтар мен үй жиһаздары ғана еске салады. Тіпті баспананың өзі бір қарағанда сау болып көрінеді. Десе де, сырты бүтін нысанның іші ылғи түтін болған деседі көршілер. Олардың сөзіне сенсек, 40 жасар Аппақгүл Күлімбетова күйеуі қайтыс болған соң ішімдіке салынған. Мүгедектігі үшін алатын азын аулақ зейнеақысы мен балаларына берілетін жәрдемақыны алған соң қаржының барлығын араққа жұмсайтын көрінеді.

Тамара Стаценко – көрші:

– Балалар менің көз алдымда өсті. Сондай жақсы балғындар болатын. Шешелері ішетін. Қолына ақша тисе болды соның бәрін араққа салатын. Балалар ылғи ашығып жүретін. Оларды көршілер тамақтандырып, киіндіріп жүрді. Осының бәрін учаскелік инспекторға үнемі айтып жүрдік. Балғындарды алып қою керек еді одан.

Наталья Радевич – көрші:

– Қою қара түтін көп болды. Кейін шатырдан отты көрдім. Балаларым жүгіріп шығып, басрпанаға кірмекші болды. Бірақ түтіннің кесірінен үйге кіру мүмкін емес еді. Құтқарушылар барлығын жылдам жасады. Көршілерімізді алып шыққанымен, дәрігерлер көз жұмғандарын айтты. Олар уланып қалған екен. Әрине аянышты.

Татьяна Буздалина – көрші:

– Оның бірінші күйеуінен тағы 19 жасар ұлы бар. Ол мұнда тұрмайды. Сол күйеуінің ата-анасының қолында. Ал екінші жұбайы 2 жыл бұрын қайтыс болған.

Жалпы жыл басталғалы өңірде 121 өрт оқиғасы тіркеліпті. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 21 пайызға көп. Қызыл жалын 13 адамның өмірін жалмап, 14 млн теңгенің шығынын келтіріпті.

 

Магжан Ахмадина