Білім

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры грантына арналған байқаудың шешуші кезеңі өтті

Аружан Қали – Кішкенекөл №2 орта мектебінің оқушысы, Уәлиханов ауданы:

– Мен болашақты мұғалім болғым келеді. Бұл бала кезден бергі арманым. Кішкентай балалармен жұмыс жасамақпын. Қазіргі ұстаздарымның жолын қуып, болашақты білікті әрі білімді мамандарды даярлайтын боламын.

Олимпиада физика-математика, биология-география, және химия пәндерінен ұйымдастырылуда. Тапсырмаларды орындауға 3 сағат уақыт бөлінеді. Әрбір минутты тиімді пайдаланып, сұрақтарға дұрыс жауап берген түлек университет ректорының грантын иеленбек. 4 жыл бойы тегін білім алуға үміттілердің қатарында Сергеевка орта мектебінің оқушысы Владислав Оверченко да бар.

Владислав Оверченко – Сергеевка орта мектебінің оқушысы, Шал ақын ауданы:

– Ұстаз болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ең қиын мамандықтардың бірі. География және биология пәндерін таңдадым. Өзіме қызықты болғандықтан, болашақта осы бағытта жұмыс жасағым келеді. Оқушыларды да осы пәндермен таныстырып, оның қыр-сырын үйретемін деген ойдамын.

Екінші кезеңге жолдама алмас бұрын, түлектер іріктеуден өткен. Оқушылар «Мұғалім мамандығын неліктен таңдадым» тақырыбында бейнероликтер дайындапты. Атап өту қажет, бұндай байқауды жергілікті университет алғаш рет ұйымдастыруда.

Жібек Дүйсенбаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Foundation» факультеті деканының орынбасары:

– Қазіргі қоғам арасында педагогтардың беделін арттыру мақсатында осындай олимпиада ұйымдастырудамыз. Байқауға өңірдегі барлық мектептерден 132 оқушы қатысуда. Әрбір пән бойынша жеңімпаздарды анықтайтын боламыз. Алдағы уақытта іс-шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізбек ойымыз бар.

Жеңімпаздар ректор грантын иеленсе, жүлделі екінші орын алған оқушыларға алдағы оқуларында 50 пайыздық жеңілдік берілмек. Ал, үздік үштікті тұйықтағандар 4 жыл бойы оқудың тек 75 пайызын төлейтін болады.

 

Эльмира Садвокасова