Әр түрлі

Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент өткен жылды қорытындылады

Еркінбек Байболов – СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Оның ішінде қарулы күштерге 523, шекара қызметіне 292, Ұлттық ұланға 481, ал мемлекеттік күзет қызметіне 31 ер азамат әскери борышын өтеуге аттанды. 2017 жылы әскерге шақыру қағазы 9346 бозбалаға жіберілді. Ал түрлі себептермен міндетін орындаудан жалтарған 160 бозбалаға 1 млн 270 мың теңгенің айыппұлы салынды. Дегенмен, өткен жылы өңір бойынша жоспарды толығымен орындадық.

Облыс бойынша көрсеткіш 100 пайыз болғанымен 4 бірдей аудан және Петропавлдық басқарма жылдық жоспарды орындамаған. Көктемгі науқанда қалалық ведомство әскерге жіберілуі тиіс бозбалалардың тек 74 пайызын, ал күзгі науқанда 94 пайызын жөнелткен. Сондай-ақ ҰҚК шекара қызметіне әскерге шақырылуы тиіс жігіттердің тиісті санын жібермеген тағы бірнеше ауданның салғырт жұмысы білініп қалды.

Талғат Нұрқасымов – ҚР ҰҚК ШҚ 2032 ӘБ штаб бастығы:

– 2017 жылғы әскерге шақыру науқанында ҰҚК шекара қызметіне Шал ақын ауданы 7 азаматты, Тимиряз ауданы – 6, ал Ақжар ауданы 7 азаматты жөнелтуі тиіс еді. Ал факті бойынша Шал ақын ауданынан 2 азамат, Тимиряз бен Ақжар аудандарынан тек бір-бір азамматтан әскери борышын өтеуге аттанды. Сөйтіп жоспар орындалған жоқ.

Аудандардағы және қаладағы медициналық комиссиялардың жұмысына да тағылған мін жетерлік. Оған себеп бар. Дәрігерлерді қажетті медициналық жабдықтармен жарақтау жағы ақсап тұр. Мәселен, Тайынша аудандық медициналық комиссиясы қажетті құралдардың тек 59 пайызын ғана алған. Денсаулығында гәп бола тұра, бозбаланы әскерге жарамды деп жазып жіберу фактілері де жоқ емес.

Жұмабек Елеусізов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 2017 жылы 10 теріскейлік денсаулығында ақаулары бола тұра, медициналық комиссиядан сәтті өтіп, әскери міндетін өтеуге жіберілген. Олардың бәрі кері қайтарылды. Сондықтан, комиссия мүшелеріне өз жұмысына байыппен қарап, салғырттық танытпауды өтінемін. Әскерге шақырылушының медициналық картасымен егжей-тегжейлі танысып, шағымдарын сұрап-білген жөн.

Облыстық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Антон Федяев бұл олқылықтарды биылғы әскерге шақыру науқанында қайталамауды ескертті. Наурыздың бірінен бастау алатын көктемгі шақырылымда 690 теріскейлік ер азаматты әскерге аттандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жиын соңында Антон Федяев Солтүстік Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жаңа бастығын таныстырды. Ведомстваны 6 жыл бойы басқарған Еркінбек Байболов енді Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне жетекшілік етпек. Оның орнын өңірде полковник Алмаз Тілеуханов басады.

 

Саят Ермек