Аптадағы маңызды жаңалықтар

Германиялық профессор Вернер Хабербош СҚО кардиологтарына шеберлік сағатын өткізді

Мақсат Құдратуллаев – СҚО кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:

– Коронарлық науқастардың тамырына Магний элементінен жасалған стендтің жаңа түрін енгізіп жатырмыз. Ол 6 ай, бір жылдан кейін науқастың организімінде өздігінен тарап кетеді. Бұрынғы темірден жасалған стендтеріміз науқастың организімінде өмір бойы қалатын. Осыдан жүрекке жабық және ашық күйінде операция жасау қиын болатын. Ал заманауи стенд ағзада ыдырап кетеді. Бір жылдан кейін қорықпай жүрекке түрлі ота жасай беруге болады.

Айта кетейік, мұндай ота түрі науқаста ауырсыну тудырмайды. Тіпті ол адам экран арқылы бәрін көріп жатады. Германиялық хирург Вернер Хабербоштың сөзінше, осындай операция түрінен өткен пациенттер оңалту шараларын қажет етпейді. Сөйтіп, 43 жасар жерлесімізге ота сәтті жасалды. Пациент екі күнен кейін отбасына оралады.

Вернер Хабербош – профессор, Зуль қаласындағы медициналық орталығы бөлімінің меңгерушісі, Германия:

– Тамырға стенд орнату ісімен 95 жылдан бері айналысып келемін. 2016 жылға дейін біздер металдан жасалған стендті пайдаланып келген едік. Бұйымның кемшілігі сол, оны кейбір ағза қабылдамауы мүмкін. Германияда әзірленген инновациялық стендті Еуропа елдері өткен жылы кең қолданысқа енгізді. Қазақстан медицинасы да бір орында тұрған жоқ. Қарыштап дамып келе жатыр. Осы елдегі кардиологиялық орталықтарда жүрекке заманауи ота жасау үшін барлық жағдай, мүмкіншілік бар екен.

Жергілікті кардиологтар осы аптада германиялық әріптестерінің көмегімен 3 науқасқа операция жасады. Сонымен қатар, Вернер Хабербош солтүстікқазақстандық дәрігерлерге отаның осы түріне науқастарды таңдап алу әдісін де көрсетті. Енді шетелдік профессор кезекті шеберлік сағатын Алматыда өткізуді жоспарлап отыр.

Өкінішке қарай, Қазақстанның солтүстік өңірінде жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққандар көп. Жыл сайын облыстық кардиологиялық орталықта 500-ге жуық жерлесіміз ота жасатады екен. Осы операция түріне көбінесе 60 жастан асқандар жүгінеді. Алайда дәрігерлер соңғы жылдары аталмыш ауру жасарып келе жатқандығын айтуда.

Асхат Молжігітов – СҚО кардиологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Дей тұрғанмен, біздің орталыққа 40-тан асқан пациенттер де жиі келеді. Жыл сайын шамамен 200-ге жуық жас науқастар стендті қажет етеді. Қазақстанда медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққандарға операция тегін жасалады. Тамырға енгізілетін стенд те мемлекет қаражаты есебінен алынады. Біреуі шамамен 900 мың теңге тұрады. Инновациялық медициналық бұйымды Германияның биотроник компаниясы жасап шығарған.

Биыл өңірімізге 30 стенд бөлініпті. Демек, жыл соңына дейін жергілікті ақ халатылар оларды сонша науқастың қан тамырына орнатып береді.

Берік Қасен