МТРА жаңалықтары

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы кеңейтілген алқа отырысын өткізді

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Спортпен тұрақты түрде шұғылданатын солтүстікқазақстандықтардың саны 173 мың 453 ке жетті. 2017 жылы Қызылжар ауданындағы Новоникольское селосында ойын, күрес залдары және бассейнмен жарақталған дене шынықтыру-сауықтандыру орталығы қолданысқа берілді. Уәлиханов ауданында стрит уоркаутқа арналған 5 алаңқай мен шағын футбол алаңы тұрғызылды. Жамбыл ауданының орталығы Преснов селосында 12 көше тренажеры орнатылды. Ал Петропавлда 9 футбол және 1 баскетбол алаңы жасалды.

Биыл мұндай нысандардың саны тағы 27-ге көбеймек. Алайда, спортшыларымыздың мардымды нәтиже көрсетуге қауқары болмаса, нысандарды қатар-қатар тұрғыза бергеннен пайда жоқ. Бұл орайда басшы қажетті қаржылай қолдаудың жоқтығы мен жабдықтардың жеткіліксіздігін алға тартты.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бізге бекітілген бюджетке көз жүгіртсек, өңірдегі 13 спорт мектебіне қарастырылған қаражат 2 млн. теңгеден аспайды. Бұл өте аз, жеткіншектерімізге маңызды жарыстарға қатысуға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ бүгінде Шал ақын аудандық БЖСМ тәрбиеленетін 56 волейболшы 1 доппен, ал 40 футболшы 2 доппен жаттығуға мәжбүр.

Осы тектес кемшіліктердің салдарынан 2017 жылы спорттық разрядтарды орындаған ауыл спортшыларының саны да азайған. 2016 мен салыстырғанда 3 есеге кем. Осы орайда, таяқтың бір ұшы мінберге көтерілген Аққайың аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысына да тиді.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– 2016 жылы 3 спортшы, ал өткен жылы тек бір спортшы ғана разряд алған. Бұл төмен нәтижені қалай түсіндіресіз?

Өмірсерік Ахметжанов – Аққайың аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Біздің ауданға былтыр спортшылардың жарыстарға баруына тек 405 мың теңге бөлінді. Ал спорт мектептерінде 379 бала жаттығады. Былтыр жарыстарға қатысқан спортшылар аз болды, сондықтан разряд алғандар да көп емес.

Дамуды тежеп тұрған қаржыландыру мәселесін Руслан Есеналин біржақты ету керек деді. Басшының айтуынша, спортқа қалған-құтқан ақшаны бөле салған дұрыс емес. Мәселен сол қаражаттың жетіспеушілігнен Айыртау ауданы өңірде өткен 14 біріншіліктің төртеуіне, ал Есілдіктер бесеуіне ғана қатысқан. Уәлиханов ауданында үш жылдың ішінде бір де бір спортшы разряды орындамапты. Осылай жалғаса беретін болса, жағдай мүшкіл болмақ.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Аудандардағы дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшыларына айтарым – бұл мәселені назарсыз қалдырмаңыздар. Мен облыс әкіміне қаржыландыру бойынша жағдайды баяндадым. Жақын арада шешімін таппаса, селекторлық жиында көтеретін боламыз.

Қуантары, кемшіліктерден бөлек, жетістіктер де баршылық. Өткен жылы республикалық және халықаралық бәсекелерде теріскейлік спортшылар 429 жүлде алған. Олардың 261-і олимпиадалық спорт түрлері бойынша. Ал жыл соңында жерлес велошабандоз Алексей Луценко жазғы спорт түрлері бойынша Қазақстанның үздік спортшысы атанды.

Саят Ермек