Спорт

Есіл ауданы “Солтүстік-2018” қысқы спорт мерекесін қабылдады

Салтанатқа есілдіктер мықтап дайындалған. Явленка селосындағы спорт алаңына жиналған жүйім жұртқа әсерлі шоу-бағдарлама ұсынылды. Олимпиада дәстүріне сай көп кешікпей ортаға туған аудандарының үмітін арқалаған спортшылар шықты. Айыртаулықтар бастаған атлеттер шеруін спартакиада қожайындары Есіл ауданы командасы тұйықтады.

Спортшылар мен жанкүйерлер қауымын бәсекенің басталуымен өңір басшысының атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, сынға түсер саңлақтарға сәттілік тіледі.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– “Солтүстік-2018” дәстүрлі қысқы спорт мерекесінің ашылуымен құттықтаймын. Спорт қай заманда да адамзатты бейбітшілік пен берекелік, бірлікке үндеп келеді. Денсаулықты нығайтуда спорттың алар орны ерекше.

Бұдан кейін ортаға спартакиада байрағы шығарылды. Ту көтерілгеннен кейін есілдік керлингші Дмитрий Гарабуль алаңға спорт мерекесінің алауын енгізді. Оны жағу құрметі осы спортшыға бұйырды. Әсерлі файр-шоу, әуезді ән мен биге ұласқан ашылу салтанатын мерекелік отшашу тәмамдады.

“Солтүстік-2018” қысқы спорт мерекесі ашылу салтанатына дейін басталып, ауыл атлеттері бақ сынасқан 8 спорт түрінің төртеуі бойынша үздік шыққандар әлдеқашан анықталды.

Теміртас Әлжанов – бас төрешінің орынбасары:

– Конькимен жүгіру бойынша М.Жұмабаев ауданы топ жарды. Қысқы президенттік көпсайыста да жеңімпаз құрама анықталды. Олар – тайыншалық атлеттер. Допты хоккейдің бас жүлдесі Аққайың ауданына бұйырса, керлингтен Есіл ауданы жеңімпаз атанды.

Ал, шорт-трек, шағын футбол, шаңғы спорты және шайбалы хоккейден сайыстар сенбі-жексенбі күндері өтті. Соңғысы бойынша бас жүлдені 8 ауданның құрамалары сарапқа салды. Жеңістен үміттілердің бірі – былтырғы ойындарда жүлдеден құр қалып, 4-ші орынды қанаған тұтқан уәлихановтықтар. Аудан құрамасының сапында бозбалалармен қатар 50-ді еңсерген ер азматтар да бар.

Мұхамед Аяғанов – Уәлиханов аудандық құрамасының хоккейшісі:

– 2 ай бойы дайындалдық. Негізі командамызда жастар, бір бестік егделерден құралған. Сапымызда жеке кәсіпкерлер мен мұғалімдер ойнап жүр.

Алайда, спартакиаданың қорытындысы бойынша шайбалы хоккейдің бас жүлдесін Ғ.Мүсірепов атындағы аудан жігіттері қанжығаларына байлады. Спорт мерекесінің жалпы қорытындысына келсек, дәл осы аталған ауданның атлеттері жалпыкомандалық есепте көш бастап, спартакиаданың чемпионы атанды. 2-ші орынды аққайыңдық спортшылар иеленсе, М. Жұмабаев ауданының қыз-жігіттері үздік үштікті қорытындылады. Ал, спартакиада қожайындары жалпыкомандалық есепте бір саты төмен орналасты, оларға 4-ші орын бұйындары.

Саят Ермек