Қоғам

Елімізде салық, алимент төлеуден жалтарып жүргендерге қатысты заң актілері өзгерді

Бұл ретте тұрғындар да заңдағы талаптарды орындауы тиіс. Жылжымайтын мүліктерін уақытында тіркеп, салығын мерзімінде төлеп тұрғаны дұрыс дейді Руслан Кактай. Себебі биылдан бастап әр ауданның және халық саны 2 мыңнан асатын ауылдардың жеке бюджеті болады.

Руслан Кактай – СҚО әділет департаментінің басшысы:

– Тексеріс барысында облыс бойынша 1 600-ден астам жылжымайтын мүліктің тіркелмегендігі анықталды. Оның 170-і жер учаскесі. Ол азаматтарда тиісті құжаттар болмай шықты. Айта кетейік, биыл осы бағытта заң ізгілендірілді. Бұдан былай жылжымайтын мүлкін мерзімінде тіркемегендер алдымен ескерту алады. Сол тұлға бір жылдың ішінде заңды екінші рет бұзса ,10 нан 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айппұл төлеуге міндеттеледі.

Салық төлемегендер бір басқа. Өңірімізде табысын жасырып, алимент төлеуден жалтарып жүргендер де баршылық. Қазіргі таңда сот орындаушылары жауапсыз ата-аналармен жұмыс жасауда.

Руслан Кактай – СҚО әділет департаментінің басшысы:

– Өткен жылы жеке сот орындаушылар алиментті өндіріп алу бойынша 3 900-ге жуық өндірістік іспен айналысқан. Бүгінде тең жартысы аяқталуға жақын. 300-ден астам солтүстікқазақстандық балаларына мүлдем алимент төлемейді. Берешегі барлар жұмысқа орналастырылуда. Бас тартқандары әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Былтыр бір тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол 1 жыл бас бостандығынан айрылды.

Алимент төлемегендерге ел аумағынан шығуға тыйым салынған. Борышкерлер қарызын кассаларда немесе терминал арқылы төлеген жағдайда шектеулер сол күні-ақ, автоматты түрде алынып тасталады. Бұл да биыл енгізілген жаңашылдық.

Берік Қасен