Қоғам

Жұмыспен қамту орталықтарына сандық технологиялар енгізілуде

Күн сайын орталық мамандарына түрлі сұрақпен 40-қа жуық адам жүгінеді. Араларында жаңа мамандық игергісі келетіндер де бар. Солардың бірі Александр Дедов. Қолында автомеханик дипломы болғанымен Боголюбовоның тұрғыны жұмыссыз жүр. Ол “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының шарттары туралы білмекке келіпті.

Александр Дедов – Боголюбово селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:


– Жұмыспен қамту орталығының мамандары маған қоңырау шалып, қысқа мерзімді курстан өтуге ұсыныс жасады. Электрші немесе дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп алсам деймін. Маған 3 айлық курстан өтесің деді. Жолақысы, тұратын орны мен тамағы тегін екен. Мен оң шешім қабылдадым.

Орталыққа келушілерге сапалы қызмет көрсету үшін мұндағылар 3,2 млн. теңгеге материалдық-техникалық базасын жаңартыпты. Осылайша, мамандардың ісі анағұрлым жеңілдеген. Олар тұрғындарды электрондық кезекпен қабылдайды. Жақында мұндағылар жергілікті халыққа “Бір терезе” қағидаты бойынша қызмет көрсете бастапты.

Раушан Тикибаева – Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Орталықта 8 маман бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Келушілерге бос жұмыс орындарын ұсынады. Шағын несие рәсімдеуге қажетті құжаттар жианауға көмектеседі. Оқығысы келген азаматтарды қысқа мерзімді курстарға жолдайды. Бүгінде экономикалық белсенді тұрғындардың ортақ базасы бізде және әрбір селолық округте бар. Сол арқылы апта сайын жұмысыздар санына мониторинг жүргізіледі.

Өткен жылы ауданда жұмыссыздық деңгейі 0,6 пайызға төмендеген. Алайда, қазіргі таңда Қызылжар ауданы бойынша мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
Осы тұста айта кетейік, қысқартуға легіп қалғандар да осы орталықа жүгіне алады. Оларға тұрақты жұмыс орындарын тапқанша, яғни 6 айға дейін әлеуметтік төлемдер жасалады. Жәрдемақы бұрынғы жұмыс орнындағы жалақының 40 пайызын құрайды.

Берік Қасен