Қоғам

Алғыс айту мерекесіне орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды

“Дуслык” облыстық татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің өкілі Зулейха Бикметова жиналғандарға тарихи фактілерге толы баяндамасын оқып берді. Сондай-ақ, дөңгелік үстел қатысушылары қазақ жерінен пана тапқан өзге ұлт өкілдерінің тағдыры жайлы деректі фильмді ұйып тамашалады

Зулейха Бикметова – “Дуслык” СҚО татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің өкілі:

– Өзге ұлт өкілдері қазақ даласында өсіп-өркендеп, ұрпақтарын оқытып, бірлік пен достықты нығайтып жатыр. Бұл Қазақстанның басты байлығы екенін Президентіміз үнемі айтып отырады. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында қазақстандықтар бір шаңырақ астында бір-біріне деген құрметпен өмір сүруде. Сондықтан, бұл мерекенің орны ерекше деп ойлаймын.

Елбасының жарлығы бойынша 2016 жылдың 1 наурызынан алғыс айту күні атап өтіле бастады. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген сыйластығының белгісі болып есептеледі. Бүгін дөңгелек үстел барысында жастарға да сөз берілді. Олар сонау қилы заманда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, жер аударылған өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының ақжарқындығын сөз етті.

Зарина Қожанова – СҚО жастар бастамалары орталығы бөлімінің жетекшісі:

– Біздің ата-бабаларымыздың бұл ісін үлкен мақтанышпен айтуға болады. Себебі, олар қиын-қыстау заманда жер аударылған өзге ұлт өкілдерімен қолда барымен бөлісті. Қонақжайлылық танытты. Олардың ісі бізге, яғни жастарға үлкен үлгі. Жалпы осындай мерекесінің атап өтілетініне өте ризамын.

Жалпы, 20 ғасырдың басында Қазақстанға өзге ұлттардың 1,5 миллионнан астам өкілі қоныс аударған. Олардың дені екінші отандарында тамыр жайып, ел игілігіне үлестерін қосып жүр.

Молдир Макишева