Қоғам

Өңірге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова келді

Мәдина Әбілқасымова – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бері тегін техникалық білім беруге басымдық жасалуда. Осылайша, былтыр 21 мың қазақстандық жаңа мамандық иесі атанды. Бұдан бөлек, осы бағдарлама аясында қысқа мерзімді курстарға да көңіл бөлінуде. 108 мың адам аталған бағытта қайта оқытудан өтті.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін былтыр облысымызға ел қазынасынан 4,5 млрд теңге бөлініпті. Қаражат 100 пайыз игеріліп, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің саны 63 пайызға қысқарған. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен де жоғары екен. Алайда, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 39 мыңнан астам адамның әлі де статусы анықталмаған. Аталған бағыттағы шаралар жалғасын табады деді облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Өңірімізде былтырдан бері халықтың статусын анықтау шаралары белсенді жүргізілуде. Аудан, қала және облыс деңгейінде арнайы штаб құрдық. Олардың мақсаты – тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейі мен жеке кәсіпкерлердің санын анықтап, республикалық базаға енгізу.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің сөзінше, теріскейде жұмысшы қолдың аздығы байқалады екен. Сондықтан, да оңтүстік өңірлерден қоныс аударушы отбасылардың санын арттыру қажет. Биыл облысымызға 767 жанұя көшіп келмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 76 пайызға жоғары.

Мәдина Әбілқасымова – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Қоныс аударушылардың жартысынан азы ғана жұмыспен қамтылған. Бұл шараны күшейту қажет. Оларды қайта оқыту курстарына жіберіп, қызметке тұрғызған абзал. Атап өту қажет, өткен жылдан бері осы саладағы істі біржақты еткен жұмыс берушілерге шығындары үшін 450 АЕК көлемінде субисидия бөлініп келеді. Бұндай қаржы тек 5 қоныс аударушыны жұмыспен қамтығанда, әр қызметкер басына төленбек.

Жаңа жылдың екі айы ішінде солтүстік өңір 18 отбасыны қабылдап үлгерген. 4 шаңырақ М.Жұмабаев ауданына орналастырылды. Жергілікті органдар мен шаруашылықтардың көрсетіп жатқан көмегіне қарамастан, қоныс аударушыларда бірқатар мәселелер туындауда. Солардың бірі баспана жайы. Қоныстанушыларды үймен қамту қарастырылғанымен, ағайынға берілетін жайлардың жағдайы назардан тыс қалып жатады. Сол себепті су жаңа баспана тұрғызылып, шаруаға қажетті қаражаттың 50 пайызын мемлекет берсе деп отыр аудан басшылары. Бұл олардың айтқан жалғыз базынасы емес.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Қоныс аударушылардың мектеп жасындағы балаларын болашақта «Серпін» бағдарламасы бойынша ЖОО-ды оқыту мәселесі бар. Егер олар квота бойынша білім алатын болса, оларға жұмыс орнын да алдын-ала қарастырып қояр едік.

Тағы Асқар Бегманов қоныс аударушылардың қалтасы кейбір медициналық қызметтерді көтермейтіндігін тілге тиек етті. Аудан басшысы оларға бұл бағытта да бір жеңілдік ұсынылса екен деген тілегін білдіруде.

 

Эльмира Садвокасова