Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың халық алдындағы есеп беру кездесуі

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Былтыр облысымыздағы өнеркәсіптік кәсіпорындар 223 млрд теңгенің өнімін өндірген. Өсім 4,5 пайызды құрайды. Саланың жетекші кәсіпорындары – «Зиксто» және «Петропавл ауыр машина жасау зауыттары». Олардағы өндіріс көлемінің өсімі 2 есеге артқан. Биылғы жылы машина жасау кәсіпорындарындағы тапсырыс көлемін 50 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. 

Облыста құрылыс та қарқын алды. 2017 жылы 200 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілсе, биыл бұл көрсеткіш одан әрі арта түспек. Нәтижесінде 1600-ге жуық отбасы пәтір кілттеріне ие болады. Елімізде әлеуметтің әлжуаз топтарын тұрғын үймен қамту көрсеткіші бойынша өңіріміз көш басына шыққан. Бүгіндері Солнечный кентінде пилоттық жоба жүзеге асуда. Жуық арада ондағы алғашқы 72 үй Қазақстаның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатылады. Жыл соңына дейін тағы 139-ында қоныс тойы тойланбақ.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бірақ әлі күнге дейін жер алып үй саламын дегендердің қаптары қалың. Ондай 9246 адам кезекте тұр. Соған орай Петропавл мен Қызылжар аудандарының әкімдеріне қосымша жер учаскелерін қарастырып, оларға инженерлік коммуникациялар тартуды тапсырамын. Сонымен қатар облыс орталығын заманауи, әдемі, әрі жайлы ету мақсаты тұр. Сондықтан Петропавлда екі бірдей жаңа шағын аудан пайда болады. Жас өркенде мектеп, қазақ театры, оқушылар сарайы тұрғызылып, 2700-ге жуық пәтер берілмек. Заманауи сауда ойын сауық кешендері пайда болып, қаланың келбеті өзгермек. Қазір кәсіпкерлерді де ғимарттарын жаңартуға шақырып жатырмыз.

Өткен жылы көлік логистикасын дамытуға 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініпті. Халықаралық әуежай қалыпқа келтіріліп, Оңтүстік-Орал темір жолы және бірқатар бағыттар бойынша күре жолдар жөнделуде. Осы ретте өңір жетекшісі олардың бұзылуына жүк көліктерінің кесірі тиетіндігін айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Шектеулерге қарамастан үлкен жүк көліктері жүруін тоқтатар емес. Сондықтан ішкі істер органдары мен көлік бақылау инспекциясына бақылауды күшейтуді тапсырамын. Жол белгілерін орнатып, жағдайды реттеп отыруды жүктеймін.

Биыл да аталған салаға нақ сонша қаржы жұмсау көзделуде. Жол мәселесі есептік кездесуде тұрғындардан түскен сауалдарда да бірнеше рет айтылды. Айыртау ауданындағы Қарақамыс ауылының тұрғындары жазбаша өтініш жіберіп, елді-мекеннен Лавровкаға дейінгі жолды жөндеп беруді сұраған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Айыртау ауданының жолдарын жөндеуге 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Біздер ең алдымен қаржыны әлеуеті зор, халқы көп елді мекендерді көтеруге бағыттаймыз. Сондықтан егер ауылдарыңыз соның қатарына кірсе, онда жөнделетін болады.

Ал Уәлиханов ауданындағы Бидайық елді мекенінің тұрғындары ауылдық амбулаторияда көліктің жоқтығын айтып, өтініш жасаған. Бұл сауал облыс әкімінің таңданысын тудырды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Көлік қалайша жоқ? Әрбір амбулаторияда болу керек. Мен анықтап білетін боламын. Расталса, проблеманы жуық арада шешу қажет.

Жалпы кездесуде 7 өтініш жазбаша келіп түсті. Кейін кезек микрофон алдына тізілген солтүстікқазақстандықтарға келіп жетті. Айыртау ауданындағы Қаратал және Тимирязев ауданындағы Дружба ауылдарының тұрғындары елді-мекендерінде ауыз су мәселесі өзекті екендігін айтуда.

Марқаш Малғарова – Дружба ауылының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Өмір бойы осы ауылда тұрдық. Қазір судан қиыншылық көріп отырмыз. Су тасу қиын болып тұр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бізде көп елді мекендерге су тартылса да, ауылдар ішіне жетпеген. Биыл 18 ауылда шаруа қожалықтарының басшыларымен бұл мәселе шешіледі.

Ал қала тұрғыны 2-ші қалалық емханадағы флюраграфияға түсетін құрылғының үнемі істен шығатындығын айтты. Тозығы жеткен аппаратты жөндеуге кейде бір апта кейде одан да көп уақыт кетеді екен. Оған жауапты мамандар болса, оның үнемі істеп тұратындығын айтып ақталды. Сондықтан облыс әкімі осы сынды құралдардың диагностикадағы маңызы зор екендігін айтып, жағдайды реттеуді тапсырды. Денсаулық сақтау саласына қатысты түскен тағы бір сауал – өңірде аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған оңалту орталықтарының болмауы. Сол үшін ата-аналар балаларын Ресейге апарып емдетуге мәжбүр.

Татьяна Ковалева – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Өңіріміз аутизм дертіне шалдыққандар жөнінен 3-ші орында тұр. Десе де бізде оңалту орталықтары жоқ. Түзетуге арналған қалада бір ғана балабақша мен мектеп бар. Олар жеткіліксіз. Сондықтан кей балғындар үйде отырады. Біздің балаларды тіпті облыстық балалар ауруханасының мамандары да қабылдамайды. Ресейге баруға тура келеді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Қолдан келетін шараны қолданамыз. Мен қазір тиісті басқарма басшыларына қондырғылар алу жөніде тапсырма беремін. Бұл істі әрі қарай да өзім қадағалап отыратын боламын.

Жиында жалпы 40-қа жақын сауал жолданды. Солардың 7-уі шаруашылықтарға жерлерін беріп үлестерін ала алмай отырған ауыл азаматтарынан келіп түсті. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі жеке кездесу өткізіп, проблеманы қарастыратындығын айтты.

 

Магжан Ахмадина