МТРА жаңалықтары

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Петропавлдағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бас сұқты

Айгүл Ахметова – Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының директоры:

– Балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 1976 жылдан бері жұмыс істейді. Бізде 3 пен 18 жас аралығындағы балалар тәрбиеленеді. Олардың жан-жақты дамуы үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. 2010 жылдан бері күндізгі стационар жұмыс істейді.

51 балаға бұл мекеме тұрақты күтім көрсетеді, оларды әке-шешелері тастап кеткен. Ал күндізгі стационардағы 45 балғын күн ұзаққа осында, ал қас қарая үйлеріне қайтады. Шененунікті дәл осы күндізгі стационардың жұмыс жасау уақыты мен ата-аналар үшін ыңғайлылығы қызықтырды.

Ал орталықтың ең дарынды тәрбиеленушілері министрді өнерлерімен қуантты.

Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ата-аналармен көзбе-көз тілдесті. Жасалып жатқан жағдайларды сұрастырып білді. Қала тұрғыны Жанат Тлеубаевтың 12 жасар ұлы Жансерік даун синдромымен дүниеге келген. Осымен сегізінші жыл жеткіншек күндізгі стационарға барып жүр. Баланың дамудағы алға басушылықты байқамау мүмкін емес дейді әкесі.

Жанат Тлеубаев – ата-ана:

– Ұлым өзі тамақ іше алмайтын, қазір қолына қасық ұстайтын болды. Теледидардан қазақша әндер тыңдап, мәз болады. Таңертең әкеліп тастап, кешке алып кетеміз. Ұжымға рахмет.

Массаж маманы, психолог, логопед, дефектолог – мұнда барлығы 175 маман жұмыс істейді. Олардың жалақысы, орталықтың материалдық-техникалық базасы мен жылдық бюджеті – Мәдина Әбілқасымованы қызықтырған мәселелер осы болды. Айта кетейік, 2018 жылы орталық қажеттілігіне бюджеттен 233 млн теңге бөлінген.

 

Саят Ермек