Денсаулық сақтау

Облыста тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыпты

Фарида Мұхамеджанова, СҚО бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Індет маусымы басталғалы бері 22 мыңнан астам солтүстікқазақстандық ЖРВИ-мен ауырды. Ал, жергілікті зертханаларда тұмау жұқтырған тек 39 жерлесіміз тіркелді. Былтыр бұл көрсеткіш 200 болған еді. Сондықтан, әзірге, өңірде тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыпты деп сеніммен айтуға болады.

Бірақ, бөрікті аспанға атуға ерте. Қауіпті маусым әзірге аяқталған жоқ. Жұқпалы вирус мектеп оқушылары үшін аса қауіпті. Абырой болғанда, тұмаудың нағыз бас көтерер шағы теріскейдегі аязды күндермен сәйкес келіпті. Бұл уақытта оқушылардың бәрі үйлерінде жатқандықтан, індет аса жайыла қоймаған. Алайда, соңғы 4 айдың ішінде 15 мыңға жуық 14 жасқа дейінгі теріскейлік жасөспірім тұмаудың алғышарты саналатын ЖРВИ-ді жұқтырған. Сондықтан, білім ошақтарында дерттің алдын алу шараларын бәсеңдетпей, жалғастыру аса маңызды.

Нурия Садықова – М.Айтхожин атындағы қалалық №1 орта мектептің медициналық қызметкері:

– Мәселен, біздің мектепте ата-аналардың рұқсатымен 120 оқушыға екпе жасалды. Бүгінде ЖРВИ-мен ауырып, емеделіп жатқан оқушылардың саны – 47. Бастауыш және орта сыныптардағы оқушылардың мұрындарына күнде оксолин майын жағамыз, балалармен тұмаудың алдын алу тақырыбында кездесулер, диктанттар өткізіп отырамыз.

Саят Ермек – тілші:

– Аурудың алдын алудың ең оңтайлы жолы вакцинация дейді мамандар. Қараша айынан бері облыс бойынша 17 мыңға жуық оқушыға тұмауға қарсы екпе жасатылған. Бұл барлық оқушылардың 28 пайызын құрайды. Нәтиже жаман емес, бүгінде ешбір мектеп карантинге жабылмаған.

 

Саят Ермек