Білім

Гуманитарлық-техникалық колледжде оқушылар арасында байқау өтті

Никита Семыкин – №9 орта мектептің 8-сынып оқушысы:

– Қазір мен 85,5 және 108 мегагерц аралығындағы толқындарды қабылдайтын радионың схемасын құрастырып жатырмын. Әр бөлшектің өз орны бар. Оны мына қағазға қарап жинау қажет. Жалпы бұл мамандық қоғам үшін пайдалы деп ойлаймын. Сондықтан, болашақта өмірімді осы кәсіппен байланыстырғым келеді.

Қасындағы қатарластары радиобөлшектерді жинауға 10-15 минут жұмсаса, Никита оны небәрі 1 минуттың ішінде жинап машықтанған. Қазір ол құрастырған макетінің жұмысын тексеруде.

Жұмыстарын сәтті аяқтаған оқушылар келесі бөлмеге ауысады. Мұнда олар роботтарды бағдарламалауды үйреніп жатыр. Компьютердегі мына бағдарламаның көмегімен роботтың жадына командалар жазылып, сақталады. Ал Олжас Смайлов станок басында жүр. 14 жасар жеткіншек берілген тапсырманы ұқыптылықпен орындап, сыннан мүдірмей өтті.

Олжас Смайлов – Бәйтерек орта мектебінің оқушысы:

– Теориялық сабақтан соң, практикалық жұмысқа көштік. Кескішті орнатып, жұмыс істеп жатырмыз.  Кескішті орнату үшін оның ортасын табу қажет.

Мына жерде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Қолдарына балға, ара және ағаш алған балалар құстарға үйшік жасауда. Байқау ережесі бойынша оқушыларға жарты сағат уақыт берілген. Жалғас Асқаров бұл сайысқа болашақ кәсібінің қыр-сырын жетік меңгеру үшін қатысуға бел буыпты. Ең қиыны үйшіктің шатырын келтіру дейді жасөспірім.

Жалғас Асқаров – Архангельское орта мектебінің оқушысы:

– Осында мен сияқты оқушылармен жұптасып, құстарға үйшік жасап жатырмыз. Бірнеше минуттан соң үйшігіміз дайын болады. Жалпы біздің жұмысымыз үздік деп танылады деп ойлаймын.

Байқауда Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданынан келген 180-ге жуық оқушы бақтарын сынауда. Оларға арнап, 11 мамандық бойынша теориялық және тәжірибелік сыныптар ұйымдастырыған. Нәтижесінде оқушыларға тапрсырмалар беріліп, жеңімпаздар анықталады.

Александр Мерк – Гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:

– Бүгін байқаудың алғашқы күні. Сайысқа Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының оқушылары қатысуда. Ал екінші күні облысымыздың басқа аудандарынан келген балалар бақтарын сынайды. Оларға берілетін тапсырмалар айтарлықтай қиын емес. Көбінесе балалар айти технологияларға басымдық беруде.

Шеберлік танытып, топ жарып шыққандары әр аталым бойынша мақтау қағаздармен марапатталады. Сонымен қатар, осы колледжге түседен ниетті жеңімпаздарға жеңілдіктер қарастырылған.

 

Молдир Макишева