ТЖ

Биыл СҚО ТЖД 85 маман жұмысқа алынбақ

Николай Белоусов – СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары:

– Өзімізге белгілі жылдың басында қатты аяздар болды. Сол кезде жеке тұрғын үй секторларында өрт оқиғалары жиі тіркелді. Оттың салдарынан 10 адам қаза тапты. Көз жұмғандардың 2-еуі бала. Бұдан бөлек, 9 адамға иіс тиді. Көбінесе мұндай оқыс оқиға тұрғындардың немқұрайлығы салдарынан орын алуда.

Абырой болғанда, өрт оқиғалары кезінде 5 адам аман қалды. Оларды мамандар дер кезінде оттың ортасынан шығарып алыпты. Жалпы, қазіргі таңда өңірімізде өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінде 650-ге тарта адам еңбек етеді. Олардың 72-сі өткен жылы жұмысқа тұрған. Биыл іске тағы 85 жерлесімізді тарту көзделген.

Серік Шақабаев – СҚО ТЖД ӨС және АҚЖҚ кадр жұмысы бөлімінің бастығы:

– Қазіргі күні жұмысқа өрт сөндірушілер мен көлік жүргізушілерін тартудамыз. Осы ретте жақында ғана конкурс ұйымдастырдық. Оған 27 адам қатысты. Медициналық тексеріс пен тест сынағынан соң мандаттық коммиссияға 18 адам жіберілді. Олардың ішінен 7 маманды іріктеп аламыз. Алдағы уақытта тағы да байқаулар өткізіп, қызметкерлеріміздің қатарын көбейту жоспарда бар.

Айта кеткен жөн, мандаттық коммисияда іріктелгендері 35 күндік тәлімдемеден өтуі тиіс. Бастапқыда маманның жалақысы 40 мың теңгенің үстінде болады. Кейін, 6 айдан соң еңбек ақы 62 мың теңгеге дейін жоғарылайды. Бұдан бөлек, биыл өңірімізге Көкшетау техникалық институтының 6 түлегі қызметке келеді деп күтілуде.

Култанов Байболат