Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы секторындағы басқармалардың кеңейтілген алқа отырысы өтті

Әртараптандыру шараларының арқасында өткен жылы диқандар 715 мың гектар жерге рапс, зығыр, күнбағыс сынды дақылдарды егіп, гектарынан 10 центнерден астам өнім алыпты. Биыл майлы дақылдар алқабын 1 млн гектарға жеткізу межеленген. Өткен жылы 1,4 млн гектар алқапқа минералды тыңайтқыштар себілді. Алайда бұл жұмысты барлық бірдей аудандар жасап жатқан жоқ.

Қайрат Омаров – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Тыңайтқыштарды енгізу өнімділікті арттыратыны жасырын емес. Десе де, Ақжар ауданында жерге себілуі тиіс 6,8 мың тоннаның тек 16, Уәлиханов ауданыда – 33, Аққайың ауданында – 55, ал Ғ.Мүсірепов ауданында 52 пайызы ғана пайдаланылған. Биылға 110 мың тонна минералды тыңайтқыш алу жосарлануда. Қазір агроқұрылымдар келісімшарттар жасасып жатыр. Бұл шаруаны да сылбыр жүргізіп жатқандар бар. Ол Ақжар, Аққайың және мүсіреповтік шаруалар. Тұқым алмастыру шараларын да бірқатары тиісті деңгейде жасамауда. Ол Жамбыл, Мамлют, Айыртау, және Ақжар ауданының диқандары.

Бүгіндері алқаптарда жүйіткіп жүрген тракторлардың – 84, комбайндардың – 72 пайызының тозығы жеткен. Сондықтан өткен жылы өңір аграрийлері 23,5 млрд теңгеге 1270 техника мен құрылғылар алыпты. Биыл автопаркті тағы 1300-імен толықтармақ. Сондай-ақ, мал басының санын азайтып алған аудандар бар. Олардың қатарына Есіл, Ақжар, Жамбыл, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов аудандары кіреді. Соңғыларында барлық көрсеткіштер бойынша жұмыс жөнді жасалмай келеді деген өңір басшысы тимирязев және уәлихановтық атқамінерлерді сөзге тартты. Олар сандардың аз боп көрсетілуі есептің дұрыс берілмеуінен деп ақталды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Әр жиында осы 2-3 ауданың шаруасын қарастырамыз. Жұмыстың жасалып жатқаны көрініп тұрған жоқ. Мұндайға жол берілмеуі керек. Атқарылған істің нәтижесі болғаны дұрыс. Әйтпесе, ол жай ғана сөз боп қалады. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Жағдайды түзету қажет.

Жиында бірқатар аудандардың жұмысына мін таққан Қайрат Омаровтың жасап жатқан шаруасын да облыс әкімі сынға алды. Өлкемізді астықты аймақ деп айтамыз. Бірақ соның әлеуетін жөнді пайдаланбай келеміз. Бүгіндері экспорттап жатқан тауардан, шетелден тасып жүрген импорттық өнімдер басым екен. Мұны да шешу тапсырылды. Бұдан бөлек, цифрландыру шаралары аясында жүргізіліп жатқан оқулар құрғақ теориядан тұрмауы тиіс деді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Барлығы қарапайым, әрі түсінікті болуы тиіс. Теорияны ғана айта бермей, үлгілі шаруашылықтарды мысал ретінде көрсетіп, соларға қарай ұмтылуыға тырысу керек.

Бұдан кейін сөз кезегі жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновке берілді. 2017 жылы мемлекет меншігіне 188 мың гектардан астам жер қайтарылған. Соның 50 мың гектары егістік жерлер екен.

Ерболат Бекшенов – СҚО жер қатынастары басқармасының басшысы:

– «Богви», «Трансавто» компанияларының иелігінде 1 млн 91 мың гектардан астам жер болды. Соның 404 мың гектары егістік жерлер. Олардың қарамағында 43 шаруашылық болды. Соңғы үш жылда 733 мың гектар жер мемлекет меншігіне берілді. Дегенмен, жұмыстары әлі күнге дейін жалғасып жатыр.

Жерді мақсатсыз пайдаланып жатқандардан ол міндетті түрде қайтарылып алынуы тиіс. Өйткені, өнімділік төмен, салық төленбейді, ал еңбеккерлердің алып отырған жалақы мөлшері мардымсыз. Мұндай олқылықтарға нүкте қояр кез келді. Жағдай түзелмесе, жер қайтарылып алынып, оны іске жарата алатын шаруашылықтарға беру керек деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Жермен жұмыс істей алмайтындардан ол қайтарылып алынуы тиіс. Өйткені, аудандарды аралағанда мұндайлардың талайын көрдік. Көрші маңдағы шаруашылықтағы егін шығымдылығы жақсы, салықты да төлейді, еңбеккерлеріне беріп жатқан жалақысы да жоғары. Ең бастысы, олар туған жерін гүлдендіруге үлес қосады. Неге солар сияқты еңбек етпеске?! Сол себепті, бұл істі ерекше бақылауға алып, шаруасын түзей алмағандардан жерді заңға сүйене отырып қайтарып алу қажет. Оны кейін жұмыс істеуге құлшынып отырған шаруашылықтарға беру керек.

Қызым саған айтам, келінім сен тыңда демекші, бұл сөз аграрийлерге ғана емес, қалада жерді жалға алып, онда жұмыс бастаймай, не сиқы кеткен дүңгіршек қоя салып шаруасын қыздырып отырғандарға да қатысты айтылды. Өйткені, қалада бос жер телімі жоқтың қасы. Сондықтан алдағы уақытта олар аукцион арқылы сатылмақ. Ондай шара облыс орталығында ақпаның 23 күні өтпек. Сол кезде 10 жер учаскесі саудаланатын болады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Қалада бос жер телімі жоқтың қасы. Инвесторларға жер таба алмадық. Бәрін 10 жыл бұрын сатып жіберген, аукционсыз. Енді жер телімдері тек ашық аукцион арқылы сатылу керек. Жерді алғаннан кейін онда нысан тұрғызу қажет, өйтпеген жағдайда қайтарып аламыз.

Құмар Ақсақаловтың бұлай деп шамдануына себеп бар. Өйткені, осыған дейін тіпті қаладағы демалыс орындарының аумағына кіретін жерлер де сатылып кеткен.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Адамдар демалатын орындарда жерді мүлдем сатуға болмайды. Біздің саябақта жерді үй тұрғызу үшін сатып жіберілген учаске бар. Дәл жаяу жүргіншілер өтетін жерге баспана тұрғызу еш қисынға келмейді.

Осы ретте жер инспекцичясының жұмысын сынға алған өңір жетекшісі бақылау шараларын күшейтуді тапсырды. Жиында тағы ветеринария мен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының басшылары сөз алып, өткен жылды қортындылады.

 

Магжан Ахмадина