Мәдениет

Түркі әлеміне ортақ тұлға

Айгүл Жүнісбаева – М. Жұмабаев музейінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен Мағжанның 1923 жылы Ташкентте жарық көрген өлеңдер жинағын алып келдім. Сонымен қатар, оның жеке заттары да бар. Мәселен, Құран кітабы мен қолдан тоқылған алаша. Сондай-ақ, осы көрмеде Жұмабаевтар әулетіне тиесілі ыдыс-аяқтар қойылады.

Бұл күні Мағжан Жұмабаевтың әндері орындалып, өлеңдері оқылды. Түркі тілдес мемлекеттерден жиналған меймандар, солтүстікқазақстандықтар өнерпаздардың орындаушылық шеберлігіне тәнті болып, қошеметке бөледі.

Түркияның маңдайалды білім ордаларынының бірі Гази университетінің доценті Ферхат Тамирдің Мағжан тақырыбын зерттегеніне жиырма бес жылдан асқан. Ол қазақ ақыны жайында ғылыми еңбек жазып, өлеңдерін түрік тіліне аударған.

Ферхат Тамир – Гази университетінің доценті, Түркия:

– Мен Мағжанның Ташкентте шыққан өлеңдер жинағын зерттеп, осы тақырыпта диссертация жаздым. Ең қызығы, барлық туындылар көне араб тілінде жазылған. Бұл барлық түрік елінің тарихи құндылығы болып табыладыконецформыначалоформы.

Дегенмен, Мағжан тақырыбы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Ғылыми конференцияда елі үшін жанын құрбан еткен Алаш арысының өміріне қатысты тың деректер жарияланды.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры:

– Біз Мағжан Жұмабаевтың 1927 жылы жазылған қолжазбаларын іздеп таптық. Ол кезде ақын педагогикалық техникумда дәріс беріп жүрді. Ол өз қолымен туған күнін қағаз бетіне түсірді. Осы қолжазбаны біз Анкараға алып келдік.

Мағжан Жұмабаев түркі тілдес халықтардың азаттығы, бірлігі туралы көп жырлаған. Ақынның есімі халықаралық деңгейге көтеріліп, ерекше құрметке ие болуының сыры да осы өлеңдерінде дейді түрік ғалымы.

Түркияда Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп, көше мен саябақ бар. Осының өзі ақынның қаншалықты құрметке ие екенін аңғартады. Ұлы тұлғаның мерейтойына жиналған қауым Анкарадағы ескерткіш алаңына жиналып, ақынның рухына құран бағыштады. Бір минуттық үнсіздікпен еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.