Тайынша ауданындағы Красная поляна селосына нидерландылық 100 бас ірі қара жеткізілді

Ауыл шаруашылығы

14:36 20 Ақпан 2018

Юрий Красноголовый – “Зеленые луга” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– Ірі қаралар үш жүк көлігіне тиеп жеткізілді, жолда 8 күн болды. Әрқайсысының салмағы 500 келіден асады. Малдың бәрі ұрғашы әрі буаз. Сәуір-мамыр айларында төлдейді деп күтілуде. Алдағы уақытта жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы тұқым тазалығын сақтамақпыз.

Әзірге, сиырлар тек сабанмен қоректенуде, бейімделу уақыты өткен соң оларды ақырындап пішендеме және сүрленген шөпке көшіру жоспарлануда. Қажетті қорек пен асыл тұқымды ірі қараны сатып алуға, одан қалды ферма және азық қоймасының құрылысына кәсіпкер өз қалтасынан 200 млн теңге жұмсаған. Енді бизнесін кеңейту үшін көктемде мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алуды көздеп отыр.

Юрий Красноголовый – “Зеленые луга” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– ҚР ұлттық қорының қаражатынан инвестициялық жобаларды несиелендіру бағдарламасы бойынша займ алып, мамыр айында тағы голштино-фриз тұқымдас 198 бас ірі қара сатып алмақпын. Шетелдік әріптестерім келісім шарт жасасуға тас-түйін дайын. Егер биыл несие алу мүмкін болмаса, бір жыл уақыт зая кетеді ғой. Сондықтан, мемлекеттің қолдауынан үміттімін.

Қазірдің өзінде бизнесмен 20 ауыл тұрғынына жұмыс беріп отыр. Кәсіпті кеңейту мүмкін болған жағдайда тағы осынша азамат еңбекпен қамтылмақ. Көшіп келем деушілерге баспана да тұрғызылады. Ал, қолдарына алатын орташа жалақы 100 мың теңгені құрамақ. Жалпы, нидерландық жеткізушілер ірі қараның бұл тұқымы бір жылда 8-10 мың литр сүт береді деп сендіріпті. Серіктестік басшысы бұл көрсеткіш 7 мың литрді құраса тәуба деп отыр. Ал, мал басын көбейтуге дайындық қазірден басталып кеткен көрінеді.

Саят Ермек – тілші:

– Дәл сол Голландиядан әкелінетін ірі қараның келесі партиясы үшін мұнда 300 орындық су жаңа ферма тұрғызылып жатыр. Әзірге, біз оның қаңқасын ғана көріп тұмыз. Жұмыстар жаз айларында аяқталады. Сондай-ақ, мұнда елочка типіндегі сауу қондырғысы орнатылады деп жоспарлануда.

Саят Ермек