МТРА жаңалықтары

Петропавл қалалық әкімдігі ашық есік күнін өткізді

Галина Олохова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Пестрое көлінің маңында орналасқан “Легенда” саяжайлар қауымдастығындағы 50-ден астам үйді кәріздік ағын сулар басып отыр. Менің саяжайымда да сол жағдай. Жағымсыз иіс мұрынды жарады. Мәселені сіздің есептік кездесуіңізде де көтерген едік. Қалдықтарды бізге төгіп жатқан кім? Кінәлілер табылды ма? Бұл бассыздық қашан аяқталады?

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Ия, қауымдастық басшысы маған шағымын жеткізген еді. Осыдан кейін “Блок” ЖШС маңынан лай су заңсыз төгілген екі құдықты таптық. Қазір олар бітеліп тасталды. Мәселе шешілді, енді кәріздік сұйықтықтар саяжайларыңызға ақпайтын болады.

Осыдан кейін қала әкімі тағы 4 тұрғынды қабылдап, көтерілген мәселелерді бақылауына алатындығын жеткізді. Орынбасарлар мен бөлім басшыларының қабылдауына келгендер де аз емес-ақ. Баяғы жартас сол жартас, көбін тұрғын үй мәселесі алаңдатады. Мәселен, Жамила Бугумбаева 2014 жылы отбасымен Оңтүстік Қазақстаннан көшіп келген. Шаһарадағы жатақханалардың бірінде тұратын нәзікжанды бүгінде 5 баласы және жұбайымен 14 шаршы метрлік аядай баспананы паналауда. Әкімдікте тіркелгелі бері кезек құрғыр жылжымай қойған дейді.

Жамила Бугумбаева – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Балаларға сабақ оқуға қиын. Үш бөлмелі пәтердің жатын бөлмесін паналап отырмыз. Не істерімді білмеймін.

Баспана күтуден шаршаған азаматша мәселесін ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Дулат Шарапиденовке жеткізді. Оңтүстіктен қоныс аударушыларға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаның 2016 жылы қабылданғаны белгілі. Отбасы 4 емес, 2 жыл бұрын көшіп келгенде оларға баспана беріліп қана қоймай, қаржылай көмек те молынан көрсетілер еді. Алайда, Дулат Шарапиденов қолдан келген көмектен аянып қалмаймыз дейді.

Дулат Шарапиденов – Петропавл қаласы әкімдігінің ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Қазір бізде уақытша тұруға арналған бос пәтерлер жоқ. Пайда бола қалса өтінішіңізді тұрғын үй инспекциясына жеткіземіз. Ал жеке меншік пәтер алу үшін кезекті күтуге тура келеді.

Сондай-ақ әкімдік өкілдері кезектің жылжымай тұрғанын жоққа шығарды. Сөздеріне сенсек, былтыр қоғамның әлжуаз топтарының игілігне 4 бірдей жалдамалы баспана тұрғызылып, 1500 адам қоныс тойын тойлаған екен. Биыл тағы 160 пәтерді қолданысқа беру жоспарланып отыр. Жалпы 3 сағатқа созылған ашық есік күнінде 60-қа жуық азамат қабылдауға жазыла алды. Баспана мәселесінен бөлек, тұрғындардың дені аулаларды абаттандыру мен әлеуметтік көмек көрсету тәртібі мәселелерін қозғады.

Саят Ермек