МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтарға Елбасы жолдауын түсіндіру науқаны жалғасуда

Эльвира Әзімова – ҚР Әділет министрінің орынбасары:

– Елбасының айтуынша бүгінде студент оқытушыға білім көзі ретінде қарамауы керек. Әр болашақ маман иесі ұдайы ізденісте болып, қажетті білімді өздігінен алуға құлшынуы тиіс. Сондай-ақ қазіргі заман азаматына бір мамандықпен шектеліп қалу аздық етеді. Болашақта сұранысқа ие болатын кәсіп түрлерін бүгіннен бастап игере бастаған абзал. Бұл үшін Президент жолдауы аясында үкімет барлық жағдайларды жасауға тырысатын болады.

Стратегиялық құжатта мемлекет басшысы назар аударған тағы бір жәйт – дарынды жас мамандардың шет елге ағылуын азайту. Қазақстанда білім алған азаматтар ел игілігі үшін еңбек етуі тиіс. Бұл қағидатпен жолдауды бастан аяқ оқып шыққан жергілікті университеттің 3-курс студенті, болашақ биолог Айнұр Абильтаева жақсы таныс. Алайда, бойжеткенді өзі сүйіп таңдаған мамандыққа ел бойынша сұраныстың жоқтығы, университеттегі материалдық-техникалық базаның таңдаған профиліне сәйкес келмеуі алаңдатады.

Айнұр Абильтаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Білім үрдісіне сандық технологиялар ауадай қажет. Мәселен мені адам ағзасын зерттеу қызықтырады. Алайда, университеттегі технологиялар көбіне өсімдіктер мен шағын жануарларды зерттеуге бағытталған. Президент жолдауына сүйеніп, жақын болашақта жаңа микроскоптар мен заманауи зертханалар студенттер игілігіне берілсе деймін.

Мұндай зертханалар жақын арада пайда болуы тиіс. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Сондай-ақ, жолдауда Елбасы ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алып жатқан жастарға өз мамандығы бойынша кәсіп ашуға серпін беру керек деді. Эльвира Әзімова бұл үшін оқу ордасындағы білім бағдарламаларына жаңа дисциплиналарды енгізуді ұсынды.

 

Саят Ермек