Әр түрлі

Петропавлда автоспортшылар арасында авторалли-спринт жарысы өтті

Талабы мен шарты қиын жарыста ер азаматтармен қатар тұрып мұз айдынын бағындырған жалғыз нәзік жанды осы Елена ғана. Машина рөлін ол 18 жасынан ұстапты. Осыдан бір ай бұрын алған тайота карина маркілі көлігін әлі сынап үлгермеген. Алайда, бүгінгі автожарыста мәрені бірінші болып кесетініне сенімді.

Елена Сергеева – жарысқа қатысушы Петропавл қаласы:

– Бұл экстрималды жарыс. Сондықтан жылдамдықты барынша басқан кезде сабырлы қалпыңды сақтай білуін қажет. Осындай автожарысқа үшінші мәрте қатысып отырмын. Бірақ әлі жүлделі орындардан көрінген емеспін.

Барлық қатысушылар өздеріне берілген уақыт ішінде бірнеше айналым жасап өтуі шарт. Яғни, тапсырманы уақтытынан бұрын аяқтаған жүргізуші сайыс жеңімпазы атанбақ. Мұз бетіне шығу үшін автокөліктер талапқа сай болуы керек. Жүргізушілерден де жарысқа қатысу үшін арнайы сертификаттар талап етіледі.

Виктор Семыкин – ұйымдастырушы:

– Осы жылғы автожарысқа 20-дан астам көлік жүргізуші қатысуда. Алтауы Көкшетау қаласынан келген. Біз сайыскерлерге 2 трасса жасадық. Оның бірі автокөлікті тізгіндеген жүргізушілерге нағыз экстримды сездіреді. Ал екінші трасса жылдамдықты жаны сүйетіндерге арналған. Дегенмен, қайғылы жағдайлардың алдын-алу үшін көліктердің доңғалақтары стандартқа сай болуын және көлік ішіне өрт сөндіру құралы салынуын тексереміз.

Көкшетаулық Владислав Ларюшин де бұл жарысқа үшінші жыл қатарынан қатысып отыр. Ол бұндай спорт түрін жоғары жылдамдық пен көліктердің шұғыл бұрылыстардағы әрекетін бағындыру мүмкіндігі үшін сүйеді. Бүгін де раллиші темір тұлпары Нисан сани оны жерге қаратпайтынына сенімді.

Владислав Ларюшин- Жарысқа қатысушы Көкшетау қаласы:

– Көлік тізгініне жастайымнан отырдым. Өткен жылы жолым болып, осы авто жарыстың 1-ші орнын қанжығама байладым. Трассаға шыққанда жылдамдықты арттырғанды ұнатамын, сол арқылы адреналин сезінуге болады.

Мұз үстіндегі автожарыс қауіпті сәттерге толы. Соған қарамастан, экстрималды жаны сүйетін автошабандоздар жарыс көрігін қыздырып, көрермендердің көңіліне қанат бітірді.