Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов М.Жұмабаев ауданы әкімінің есептік кездесуіне қатысты

Аталған ауданда төрт түлік пен құс басы 8 пайызға өсіпті.
Өткен жылда қол жеткізген жетістіктер жайлы аудан әкімі халық алдындағы есептік кездесуде баяндады. Асқар Бегмановтың айтуынша, кәсіпкерлік саласына да ерекше көңіл бөлінген. Бөлшек сауда айналымының көлемі 4 млрд теңгеге жеткен.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:


– Былтыр қызмет көрсету және өңдеу салаларында барлығы 25 нысан ашылды.
“Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында 81 млн теңгенің 5 жобасына субсидия және кепілдік түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар, М.Жұмабаев ауданында халықты сапалы баспанамен қамту мәселесі -басты орында. Өткен жылы 4,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ, “Туған жер” жобасы аясында Ноғайбай ауылында 9 үй салу жоспарланған. Бүгінде 5-еуінде адамдар тұрып жатыр. Жалпы аудан бойынша 300 адам баспанаға мұқтаж. Олар да баспаналы болуды армандап, кезектерін асыға күтіп жүр.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:


– Булаево қаласында екі қабаттан тұратын үш бірдей тұрғын үйді салу жоспарланған. Бүгінде біреуінің құрылысы аяқталды. Ол нысан 36 пәтерлік. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады деген сенімдемін. Осы жылға, әзірге, қаражат бөлінген жоқ.

Бүгінде М.Жұмабаев ауданындағы халық саны 30 мыңнан асады. 12 пайызы – оқушылар.
Олар үшін 45 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Осы салаға қатысты тұрғындар тарапынан қордаланып қалған сұрақтар баршылық. Бірқатары педагогтар тапшы, сыныптар да салқын дейді. Және көпшілігіні мектептердің материалдық жарақталуына көңілдері толмайды.

Александр Барсуков – М.Жұмабаев ауданының тұрғыны:


– Мектептегі материалдық-техникалық база толығымен жарақталмаған. Кейбір құралдар жетіспейді, серверлер жай тұр. Проекторлардағы шамдарды ауыстыру үшін өз қаражатымызды жұмсаймыз. Тоқ етерін айтқанда, осы мәселені бір жақты ету қажет.

Айгүл Хасенова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:


– Жалпы облыс бойынша 16 мың компьютер бар. 30%-ын жаңасына ауыстыру керек. Біз оған қажетті қаражатты шамамен есептедік – 900 миллион теңгеге шығады.

Өңір жетекшісі бейінді басқарманың басшысына мүмкін болса қаражат тауып, осы мәселені бірінші кезекте шешуді тапсырды. Халықтан түскен өтініштер көп.
Оқушылар саны азайып барады. Жергілікті тұрғындар биліктен тығырықтан шығудың жолын қарастыруды сұрайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Облысымызда бір оқушыға жылына 600 мың теңге жұмсалады. Тығырықтан шығудың бір жолы бар. Біз ауыл мектептеріне заманауи қазандықтарды көптеп орнату арқылы біраз қаражатты үнемдей аламыз. 1 тонна көмірдің орнына 2 тонна сабан жағылады. Үстіміздегі жылы 130 білім ошағына сабанмен жағылатын агрегатты орнатамыз. Осылайша, шығындарды 500 млн теңгеге қысқарту мүмкін болады.

Биыл барша отандастарымыз ақиық ақын М.Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтеді. Айтулы дата аясында осы ауданның тұрғындары да мәдени- бұқаралық шаралар ұйымдастырмақшы. Бұдан өзге осы жылы М. Жұмабаев ауданында “Ақ бидай” жазғы спорттық ойындары жалауын көтереді. Оған дейін шұрық-тесік жолдарды жөндеп, ауылдарды аббатандыру міндеті тұр. Өткен жылы аталған жұмыстарға жергілікті билік 70 миллион теңге жұмсапты. Аудандық спорт саласы өкілдерінің айтуынша “Ақ бидай” ойындарына 2 мың адам келеді деп күтілуде. Соған байланысты орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу қажет екен.
Аталмыш нысанды қалыпқа келтіруге шамамен 103 млн теңге керек. Асқар Бегмановтың айтуынша, жергілікті бюджетте мұнша қаражат жоқ. Құмар Ақсақалов бұл мәселені шешуге септесетінідігін жеткізді.

Аймақ басшысынан Ноғайбай ауылының тұрғыны Мейрам Житенов те көмек сұрады. Құс шаруашылығымен айналысатын азаматтың өткен жылы мың қазы қолды болыпты. Жәбірленушінің айтуынша, ұрлық фактісіне қатысты істі құқық қорғау органдары аяқсыз қалдырған.

Қайсар Әбішев – М.Жұмабаев ауданы прокурорының орынбасары:


– Қылмыстық іс әлі күнге дейін өндірісте жатыр. Соңғы шешім шығарылған жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Бұл сұрақты жеке бақылауыма аламын. Мұны облыс прокуратурасымен бірлесіп шешетін боламыз.

Кездесуді аймақ басшысы қорытындылады. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, кейбір көрсеткіштер бойынша М.Жұмабаев ауданы артта қалып қойған. Тұрғындардың тұрмыс деңгейі, өндірілген өнімдердің көлемі, жалақы облыстық орташа көрсеткіштен төмен. Басқа жаққа көшіп кетушілердің қатары қалың. Оған қоса осы ауданда жауапкершілігі төмен шаруалар бар. Кәсіпкерлердің бейжайлығы жалпы алғанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Нашар жұмыс істегендермен әңгіме басқаша болады. Көп адамның тұрмысы қиындап кеткен. Жалақыларын уақытылы ала алмайды. Осы ауданда бірнеше аграрий мал шаруашылығымен айналыспайды. Қыс мезгілінде адамдар жұмыссыз жүреді. Бұл жағдайды түзеу керек. Келесі келгенде тексеремін.

Құмар Ақсақалов аудан әкіміне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғарылату бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Оған қоса көктем мезгілінде танап басында қажетті агротехникалық шараларының орындалуы қатаң бақылауға алынсын деді. Өсімдік және мал шаруашылықтарын дамытып, мейлінше көп адамды тұрақта еңбекпен қамту жағын қадап айтты.

Берік Қасен