Денсаулық сақтау

Медициналық ақпараттық жүйе аудандық ауруханаға енгізілді

Өйткені, дәрігер жазылуға келіп, ұзақ уақыт бойы кезегін күткен жанды көрмейсің. Қондырғының артықшылығын Федор Кротов та сезініп үлгеріпті. Терапевттің қаралуына келген ол бірден талон алып, маманның кабинетіне қарай бет алды.

Федор Кротов – Шал ақын ауданының тұрғыны:


–  Өте ыңғайлы. Кезекте сағаттап тұру деген жоқ. Бірден терминалға келіп, талоныңды аласың да қажет дәрігерге бара беруіңе болады. Тіпті, оған өзіңе ыңғайлы уақытқа жазылуға да мүмкіндік бар.

«Надежда» деп аталатын медициналық ақпараттық жүйе дәрігерлердің де жұмысын жеңілдетіпті. Ең бастысы, мамандар қағазбастылықтан арылдық деп отыр.

Айдар Мұстафин – Шал ақын аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Елбасы өз жолдауында цифрландыруды барлық салаларға енгізу керектігін айтты. Сондықтан, көштен біз де қалмай осы жүйені енгіздік. Ол дәрігерлерге де, емделушілерге де ыңғайлы болып отыр. Ақ халатты абзал жандар енді науқастардың түрлі қағаздарын қопармай, барлық ақпаратты компьютерге енгізілген базадан ала алады. Сондай-ақ, тың технологияның арқасында адамға қандай ем-дом шаралары тағайындалғанын да біздер бақылай аламыз.

Жалпы аудандық аурухана 18 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Мекемеде еңбек ететін дәрігерлердің саны – 31. Олардың жұмысын жеңілдету үшін аталған тың медициналық жүйеге 25 компьютер қосылған екен. Биыл облыстық бюджеттің есебінен тағы сонша қондырғы алу жоспарлануда. Айта кету керек, келешекте жаңашылдықтың мобильдік қосымшасын да енгізу көзделіп отыр. Сол кезде емделушілер маманның қабылдауына үйден шықпай-ақ жазыла алады.

 

Магжан Ахмадина